Көшеге есімі беріліп, мүсіні қойылды
Бүгін облыс орталығындағы Аманкелді мен Павших борцов көшелерінің қиылысында жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, тәуелсіз Қазақстанның бірінші Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовтың бюст-ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Жерлесімізге арналған бюст-ескерткішінің ашылуында облыстық мәслихаттың хатшысы С. Ещанов, академик К. Сағадиев, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемуниверситетінің ректоры А. Нәметов сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.


– Шайсұлтан Шаяхметов екеуміз мектепте бірге оқыдық. Ол мектепті алтын медальмен бітіріп, Мәскеудің университетіне оқуға түсті. Ол ғалым жолына түскенде, Мәскеуге қайта оралып, аспирантураға оқуға түсіп, сол кездегі Кеңес Одағының ең мықты институтында кандидаттық диссертациясын қорғады. Ол тек қана ғалым-зерттеуші ғана емес, өте көреген ұйымдастырушы да болды. Шайсұлтан 1988 жылы Қазақстан ССР білім министрі болып тағайындалды. Бұл жылдар өте ауыр қиын кезең еді. Бұрындары жоғары, орта, жалпы білім беру, жастар ісі жөніндегі ұйым білім жүйесінде бөлек-бөлек комитет болған-ды, ал, солардың барлығын бір министрліктің қоластына біріктіру оңай шаруа емес-ті. Шайсұлтан Шаяхметов сол істің бәрін шеберлікпен, көрегендікпен атқарып, білім беру жүйесін бүгінгі нарықтық заманға лайықтап, жаңалай білді.


Содан кейін салтанатты түрде облыстық мәслихаттың хатшысы С. Ещанов, академик К. Сағадиев, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемуниверситетінің ректоры А. Нәметов бюстіні ашты. Жиналғандар гүл шоқтарын қойды.
Кешке І. Омаров атындағы қазақ драма театрында Ш.Шаяхметовтың 75 жылдығына арналған кеш өтеді.
Гүлназым Сағитова
Суретті түсірген: Бағдат Ахметбеков