Іргелі істің басында – іскер әйелдер

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары аймақтарда халықпен кездесуде. Бұл жолы төменгі палата депутаты Дания Еспаева қостанайлық іскер қыз-келіншектермен кездесті. Басқосуды Қостанай облысының әйелдер күштері Альянсының төрайымы Римма Бектұрғанова ашып, альянстың өңіріміздегі жұмысына тоқталды.
  – Қостанай облысының әйелдері басқа аймақтармен салыстырғанда белсенді. Осыдан 26 жыл бұрын алғаш рет астықты аймақта Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы құрылды. Міне, содан бері гендерлік теңдік, отбасы, көп балалы аналар және өзге де әлеуметтік мәселелерді көтеріп келеді. Оның сыртында көшбасшы мектептері құрылды. Соның аясында үлкен кездесулер мен алқалы жиындар өткізуде. Қазір қыз бала мәселесіне де назар аударудамыз. Мектептерде, оқу орындарында өрімдерімізбен кездесіп, өмір мектебінде шыңдалуға өз ақыл-кеңестерімізді берудеміз, – дейді Римма Шыңғысқызы.
Альянс бұдан бөлек, әйелдерді маңызды шешім қабылдау деңгейіне көтеру, олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, зорлық-зомбылықты төмендету, алимент төлету мәселелерін алға тартып келеді.
  – Біз қиын жағдайда қалған әйелдерге көмек көрсетуге дайынбыз. Білікті заңгерлер, психологтар және басқа да мамандар бар. Осыдан екі жыл бұрын  «Отбасы help» фронт-кеңсесін аштым. Өкінішке қарай, Қостанай облысы ажырасудан екінші орында тұр. Бізде өз тарапымыздан отбасының шаңырағын шайқалтпауға тырысып жатырмыз. Тоқсанға жуық отбасын сақтап қалдық, – деді жеке сот орындаушылары алқасының төрайымы, әйелдер күштері Альянсының басқарма мүшесі Несібелі Бәсенова.
Альянстың 2021­-23 жылдарға арналған жол картасы бекітілген. Сол бойынша аймақтағы жоғары оқу орындарының студенттері арасында көшбасшы қыздар клубтары құрылған. Бұл бағытта да көптеген жұмыстар тындырылды.
Облыстық мәслихаттың депутаты, әйелдер күштері Альянсының үйлестіру кеңесінің мүшесі Қырмызы Жаңбыршинаның айтуынша, Қыздарымыздың тәрбиесінде ұлтымыздың тағдыры жатыр.
    – Қазақ халқы «Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу» деп бекер айтпаған. Олар болашақта ана болып, ­бір үйдің шырағын жағады. Қыздарымыз әр үйдің алтын діңгегі болса, өзінің айтатын ой­-пікірі бар, қоғамның белсенді мүшесі атанса, оқыған мамандығы бойынша еңбек етіп, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосса, – деді.
Мәжіліс депутаты Дания Еспаева алғаш сайлауға түскенде халық алдында сөйлеу оңай болмағанын, осындай тәжірибе алатын мектептің қажет екенін айтып, іскер ханымдар көтерген бірқатар мәселелерді өзіне түртіп алды.  
   -Келесі жолы сайлауға түсетін болсам, сіздердің мектептеріңізден кеңес алатын боламын, – деді ол.
  Кездесу барысында нәзік жандылардың өздерін толғандырып жүрген бірталай сұрақтарға кең ауқымды жауаптар алды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓