ҰЛТ КӨСЕМІНЕ ҚҰРМЕТ
Қостанай қалалық №28 мектеп-гимназиясының акт залында Ахмет Байтұрсынұлының туылғанына 150 жыл толуына орай «Тіл білімінің алтын діңгегі – Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған ақын, жазушы, ақын, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік өңірлік университетінің профессоры Серікбай Оспанов, Ахмет атамыздың ұрпағы Ибраһим Ағытайұлы, ыбырайтанушы, философ ғалым, этногроф Қалқаман Жақып, «Ахаңның ізімен» тарих-танымдық экспедициясының мүшесі, журналист, Назира Жәрімбетова, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің міндетін атқарушы Нұрлан Мамиев және өзге де қонақтар арнайы қатысты.
Ауқымды шараның мақсаты – қазақ халқының әлеуметтік, саяси, мәдени, тарихи өмірінде орны айрықша зор тұлға – Ахмет Байтұрсынұлының халықтық тәлім-тәрбиелік ойларының негізінде оқушылар бойына адамгершілік, ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту, ақын, қоғам қайраткері, педагог-ұстаздың құнды мұраларын дәріптеп, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу. Сонымен қатар, Ахмет атамызды толық тану, зерттеу жолында жүрген аға апаларымызбен өскелең ұрпақты кездестіру бағытында өтті. Мектеп оқушыларымен, Ахмет атамыз жайлы тың деректермен танысты.
-«Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» деген кітап жазып бітірдім. Алматыдан хабарласып, Осы кітапты Түркияда 500 дана шығаруға ұсыныс түсті. Енді Ахаң туралы білгісі келетін адамға онда көп мәліметтер бар. Бір ғана, Ахаң қай мектепте оқыды? Оған кімдер сабақ берді? Осы жағы зерттелмеген екен. Маған Алматыдан, Торғайдың өзінен ғалымдармен хабарласты. Қаншама күн іздеп, мақаланы бірнеше рет жазып таптым. Осындай тың деректер осы кітапта бар. Ахаңның Ыбырайдан өзгешелігі, Ыбырай барлық адамзатты бірдей санады. Ахаңның ерекшелігі тек ұлтты, қазағын ғана ойлады. Былай ойлап отырсаңыздар, дұрыс. Неге? Ең әуелі өзің ұлт болып қалыптаспай тұрып, елдің жағдайын қалай ойлайсың?
Жыңғылды оқиғасы туралы да әркім әртүрлі жазып жүр. Орталық архивтен сол кездегі тергеушілердің жауап алған құжаттарын тауып алдым. Соның ішінде Ақтастың жазған арызы бар екен. Оны ешкім аңғарға қоймаған ба? Біз сол Тосын болысынанмыз. Сол Тосын болысынан шығу туралы арыз берген екен. Содан басталыпты. Ахаңды әлем таныды. Ал, Америка ғалымдары не деді? Америкадан алдырған кітабымда Ахаңның суреті берілген, астына «Жадидизм лидері» деп жазылған. Жәдид «жаңа жазу» деген мағынаны білдіреді. Орыстардың арасында өмір сүріп жатқан мұсылмандардың ойлап тапқан жазуы дегенді білдіеді, – дейді Серікбай Оспанов.
Сөз соңында ақын егер біз ұлттық патриотизмді дамытамыз десек, «Қазақ» газетін қайта шығаруымыз керек, барлық мектептерде «Ахметтану» сабағы жүруі керек деген ұсынысын жеткізді.
-1996 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік университетінің сол кездегі ректоры Зұлқарнай Алдамдарұлының бастамасымен ең алғашқы экспедиция ұйымдастырылды. Ол экспедицияны басқарған белгілі журналист, ахметтанушы Байтұрсын Ілияс болды. Сол экспедицияның қорытындысы ретінде 2000 жылы «Алтын бесік» атты танымдық кітабы шығарылды. Айта кету керек, үлкен еңбек сол кезде Зұлқарнайдікі еді. Менің ұсынысым, сол университетінің бір бұрышында ескерткіш қойылса артық болмас еді. Оқу орнының алдында тұрған ескерткіш бүкіл Қазақстанда жоқ. Университетке берілген Ахаң аты Зұлқаранай ағамыздың еңбегі болатын. Соны ұмытпауымыз керек. Сол экспедицияның жалғасы ретінде Нәзира екеуіміз жалғастырмақшымыз. «Ахмет ізімен» деп аталады. Ахаң болған жерлердің барлығын аралап бейнетаспаға түсіріп жазып шығу. Тарихи танымдық материал жинау. Мақсатымыз Орынбор қаласынан Архангельскге, Әзербайжанның астанасы Бакуге, Қытайдың Шәуешегіне бару. Жаңа Серікбай айтқан деректер расталады деп есептеймін. Облыстық әкімдік қаржы бөліп отыр. Наурыз айының ортасынан бастап сапарымызды бастап кетеміз деп отырмыз, -дейді Ахаңның ұрпағы.
Биыл Президент Жарлығымен Балалар жылы болып бекітілді. Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы әлемдік деңгейде аталып өтетін болды. Осы қос шара аясында Қостанай қалалық №28 мектеп гимназиясы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай бір жылдық жоспар құрды. Бұл жоспар ішінде, өнер, спорт салалары бойынша бірқатар жұмыстар атқарылу үшін ынтымақтастық меморандум жасалды. Тұңғыш рет Қостанай облысында оқушылар арасында «Бала барысы», «Тобыл-Торғай таланттары» атты облыстық театр фестивалі және өзге де осындай іс-шаралар өткізілетін болады. Тағы да бірқатар ауқымды мәдени шаралар легі өңіріміздегі мәдени мекемелермен бірлесіп атқарылатын болады.
Мектеп қабырғасында ашылған Журналистика үйірмесінің қатысушысы Наргиз Қарасартова Ахаңа арнаған жыр шумақтарын жатқа оқып берді. Оқушылармен кері байланыс жасалып, ақының шығармашылығы туралы сұрақтар қойылып, жауап берілді.
Дөңгелек үстел барысында оқушылар Ахмет Байтұрсыновпен мемлекет қайраткері, ғалым, ағартушы, ақын, публицист, ұлттық жазудың реформаторы, қазақ лингвистикасы мен әдебиеттанудың негізін қалаушы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілерінің бірі ретінде танысты.
Шара басталмас бұрын мектеп ұжымының атаулы датаға орай ұйымдастырған Алаш арысына арнап жасаған бұрышты, «Ахмет мұрасы – рухани қазына» атты көрмені тамашалады.
Айта кету керек, Ұлт ұстазының мерейтойына арналған ауқымды шараның бір парасы Қостанай қаласындағы №28 мектеп-гимназиясынан осылайша бастау алды.