Көз жұмған науқас өз бетінше емделіп жүрген
Қостанай облысында коронавирус індетінен көз жұмған алғашқы жағдай тіркелді. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы В.Дудник шұғыл хабарлама жасады.
Ведомства басшысының айтуынша, 12 сәуірде Жітіқара ауруханасына дене қызуы жоғары және демікпе белгілерімен 1945 жылы туған ер азамат пен 1955 жылы туған әйел адам жедел жәрдем көлігімен жеткізілген. Зертханалық тексеруден кейін екі кісінің COVID-19 сырқатын жұқтырғандығы анықталған. Науқастарда аурудың алғашқы белгілері 5 сәуірде белгілі болған көрінеді. Бірақ, сырқаттар дәрігерге жүгінудің орнына, өз беттерінше ем қабылдаған. Бір аптадан кейін жағдайлары тым нашарлаған соң ғана жедел жәрдем шақырған. Екі науқас та коронавирус індетін жүұтырғандармен байланыста болмағандарын, Жітіқара аумағынан ешқайда шықпағандарын айтқан. Дегенмен, облыстық тауарлармен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары байланыста болғандарды нақтылап, эпидемияға қарсы барлық іс-шараларды жүргізуде.
-14 сәуірде кешкі сағат 6-дан кейін 1945 жылы туған науқастың жағдайы күрт нашарлап, дене қызуы 39 градустан асқан. Дәрігерлер барлық мүмкіндікті жасағанмен, өкінішке қарай сырқат көз жұмды. Бүгін таңертең жасанды желдету аппаратына қосып, толық көлемде реанимациялық көмек көрсетілгенмен, науқастың жүрегі шыдас бермеді. Ал, Жітіқарадағы екінші науқастың жағдайы орташа дәрежеде, – дейді В.Дудник.