Оң өзгерістерден үміттіміз
Қасым-Жомарт Кемелұлының саясатын толық қолдаймын. Соңғы күндері елде болып жатқан оң өзгерістердің бәрі – осы кісінің тыңғылықты іс-әрекетінің арқасы. Халық өмірінің сапасын арттыру үшін бар білігін, күш-жігерін жұмылдырып жатыр. Ал енді бұл сұқбатында журналистің өзі Президентке емін-еркін, батыл, тікелей сұрақтар қойып отыр. Көптен бері мұндай емен-жарқын сұқбат болмаған еді. Оның үстіне, сұрақтардың өзі ұнады. Саяси тұрғыда да сауатты, артық-кемсіз. Қ.Тоқаевтың берген жауаптары да анық-қанық болды.
Мен екі мәселеге айрықша көңіл аудардым. Біріншісі – кадр мәселесі. Айналасы екі аптаның ішінде шұғыл тағайындаулар жасау – өте жауапты іс. Жақсы министр, сайлы әкім, құқық қорғау органдарына тәжірибелі басшы таба қою оңай емес. Дайын тұрған білікті кадрлар армиясы жоқ қой бізде. Бірақ елейтін көзге мықты мамандар да табылады деп есептеймін. Енді мұны Президенттің өзі шешеді. Айтпағым, кадр мәселесі көптен бері өзекті, өзгеруі тиіс "қағидалар" бар. Мысал үшін айтайын, өзім 24 жыл сот саласында еңбек еттім. Оның 20 жылы өндірістік орындау бағытына арналыпты. Мұның 11 жылында басшылық қызметте болдым. Қызметтен желтоқсан айында кеттім. Себебі жоғары жақтағы басшыларым менің жұмысымды бағаламады. Өңірде сотқа ісі түскен азаматтың басым бөлігі менің алдымнан өткен шығар. Біреуінің бетін қайтармай, қолымнан келген көмекті жасадым. Қаншама ізбасар тәрбиеледім. Заңгерлердің жақсы буынын қалыптастырдым дей аламын. Ал басшылардың біреуі де Қостанайға келіп, қызметің туралы сұрап-білмей, халықпен тілдеспей, сырттан тон піше салады. Әрине, бұған дұрыс-бұрыс деп баға беру де біздің ерікте емес. Аймақтық маманның сөзі республикаға қабылданбайды. Мінекей, мұндай үстемдігін мойындатқыш кадрлар жүйеде жұмыс істемеуі керек деп есептеймін. Сол себепті Президенттің білікті кадрлар турасында айтқандары көңілімнен шықты деуге болады.
Маған ұнаған екінші мәселе – сот саласын реформалау тұрғысында айтқаны. Әрине, соңғы 3-4 жылда реформа болып жатыр. Мамандандырылған соттардың саны көбеюде. Әкімшілік-процедуралық сотқа басымдық берілуде. Бұл – үлкен артықшылықтар. Өндірістік орындау саласы қазір әкімшілік сотпен тығыз байланыс жасайды. Мұндай әріптестікке жарты жылдай уақыт өтті. Өте құптарлық дүние. Енді Қ.Тоқаев бұл реформа ары қарай жалғасатынын айтып отыр. Осы саланың маманы ретінде мұны жақсылыққа балаймын.
Ал, енді, бір сағат ішінде ел өміріне аса қажетті басқа да сауалдарға жауап айтылды ғой. Саясат, экономика салаларында қаншама жаңашылдықтар күтіп тұр. Бірақ бұл бағыттарға пікір білдіруді тиесілі мамандардың үлесіне қалдырайық. Қорытындылай келгенде айтарым, халық талап еткен өзгерістерге қадам жасалып жатыр екен – ендеше әліптің артын бағып, елдің басшысына қолдау ғана көрсеткеніміз жөн. Мен 13 жастағы балама: "Бұл өмірде саған ешкім ештеңе қарыз емес, өзіңді өзің қамтамасыз етуің керек, жақсы оқуға, еңбектенуге, маңайыңнан дұрыс өнеге алуға ұмтылуың қажет, сөйткенде ғана жақсы адам болып шығасың", – деймін үнемі. Сол секілді әр адам өз сана-сезімімен өмірден лайықты орнын табуы керек. Екі аяғынан нық тұрып, қоғамға көмегінің тигені өзіне жасаған жәрдемі деп түсінуі шарт.
Несібелі Бәсенова,
ҚР Еңбек сіңірген заңгері