Ынтымағымыз ыдырамасын!

Еліміздегі қазіргі ахуал бәріміздің қабырғамызға батып отыр. Көкейімізде күдік пен үміт арпалысуда. Жағдайдың мұншалықты ушығарын болжай алып па едік? Бейбіт шеруді бейберекетке ұластырғандар кімдер? Бір анығы, әуел баста газ қымбатшылығын, азық-түлік бағасының байлаусыздығын айтып, билікке нақты талаптарын қою үшін алаңға шыққан ағайын бүлікшіліктен ада болды. Өйткені олардың барлығы – көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты да жауапты, отансүйгіш азаматтар. Халықтың қалау-тілегі билік құлағына жетті, ел Президенті Қ.Тоқаевтың санаулы күндерде-ақ көптеген өзгеріс жасағанын көріп-білдік. Ендеше шеру соңын шиеленіске, басбұзарлыққа, қантөгіске айналдырудың қажеті қанша еді? Бұл, сөзсіз, жалпыхалықтық жиындарды пайдаланып, Тәуелсіздігімізді тұғырынан тайдырғысы келген қаскөйлердің қараулығы, арамзалардың арандатуы.  Өкінішке қарай, содырлар сойқанынан соң қаншама азамат мерт болып, қалалар іші қирап-бүлінді. Жанға бататыны – аярлардың соңына қаракөз бауырларымыздың да еріп кеткені… Қазір лаңкестердің көзін жою операциясы жүріп жатыр. Мемлекет басшысы қарулы қаскөйлерді ескертусіз ату туралы бұйрық та бергені баршамызға мәлім. Ендеше, қадірлі отандастар, жерлестер, арандап қалмауларыңызды, дұшпандар арбауына ермеулеріңізді, ес жиып елдікті ойлауға шақырамын. Қазіргідей ақ-қараны ажырату мүмкінсіз болып тұрған уақытта ел жағына шығып, Президентіміздің маңайына топтасуға үндеймін. Балаларыңыздың, туыс-бауырларыңыздың дүдәмал үгіттерге ермеуін, ереуілдерге шықпауын жауапкершіліктеріңізге алуларыңызды өтініп сұраймын. "Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе не қалар?" – деген аталы сөздің мән-мазмұнын тереңнен түсінейік. Жер-жаһандағы жалғыз Отанымыздың берекесін өзіміз үркітпейік! Тағдыршешті, сындарлы кезеңде егемендігімізге ынтымақ-бірлігімізбен қалқан болайық, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналайық!     
Дәмер Қалқаев,
Қостанай облысындағы Кикбокс федерациясының президенті 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓