Қашан арыламыз?
"Қостанай таңы" газеті соңғы кезде өте орынды, толғағы жеткен, проблемалық мәселелерді көтеруде. Әсіресе, қазақ халқының рухани жағына, салт-сана, рәсім-дәстүрлеріне байланысты үлкен қозғау салатын ой-пікірлер айтылуда. Торғайлықтар соған қатты ризамыз.
Сондай сыни, терең ойлы мақалалардың бірі Бас редактордың "Заманға жаман күйлемек" атты әдемі мақаласы. Онда автор қазіргі замандағы тәлпіштенген топас байсымақтардың, байлық үшін бауырына да қиянат қылатын қатыгез шонжарсымақтардың бейбақ болмыстарын, бейтарап, тоғышар, тобыр жұрттың түйсік-танымдарын тап басып-ақ бейнелепті.
Сол мақалаға орай оқырман Ж.Шә-кірұлы былай жазыпты: "…Мынадай ғажапты кім естіп, кім көрген? Өліктің жаназасына екі бие, қырқына бір бие соя-мын деді. Бұл – байлыққа да, барлыққа да жатпайтын жұмыс. …Мұндай ел бұзарлық аусар, ақымақтықты кім көріп, кім естіп білген? Ел бұзар дегенім: Өзгені де өзіндей болсын деп бәсекеге шақыру емес пе бұл?
Тап осындай ақылсыз байлар қазір көбейіп барады. Елге ұйытқы болуға тиісті азаматтар байлығын асырып, халыққа іштей іріткі салса, басқаларға не жорық? Кедейлеріміз де қарызданып-қауғаланып, мемлекеттен несие алып, өлігімізді жөнелтетін шығармыз."Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл" – деп Абай атам айтқандай, өлік жөнелтеміз, қатардан қалмаймыз деп өз басымызды өзіміз құлдыққа апарамыз, неге-неге? Құл емей не? Бар тапқан табысыңды өмір бойы несиеге, қарызға төлейсің. Бұлай өлік жөнелтулер байларға ештеңе етпес, ал кедей, жоқ-жұқаналарды сорлатып, қу тақырға қалдырмай ма? Сондықтан, бәсекелестікті қояйық, ағайын!
Көп болып, байларды сабасына түсірейік. Астамшылық болмасын. Жаназаны тойға айналтпайық. Бекер шашыл-ғанмен өлген қайтып келмейді". Өте орынды сөз. Сөз ғана емес, бұл – ақылман ақсақалдың жанайқайы, тіпті оны көпшілік қара халықтың жанайқайы десе артық емес. Өз басым бұл кісіні толық қуаттаймын.
Мен де қартпын. Жасым 74-те. Осы өлік жөнелтуді дұрыс жолға қоюды 20 жылдай болды, айтып та, жазып та келемін. Аудандық, облыстық газеттерде мақалаларым да жарияланды. "Заман өзгерді, бізге де өзгеру керек!", "Қайғылы үйдің қабырғасын қайыстырмайық! Ысыраптарды, жаназаны тойға айналдыруды, жаппай жұртқа қонақасы беруді тоқтатайық!" деп жар салдым. Бірақ ештеңе де өзгерген жоқ. Ал мынау Алматыдан келген бір қарияның айтқандары: "Торғайдағы өлік жөнелту салттарыңыз – өте орынсыз, сорақы ысырап, ауыр жағдай екен. Ағайыным қайтыс болып, сонау Алматыдан қақаған қыста келіп едім. Қар басқан қаралы үйге марқұмды жерлеуге дейін үш күн, жерлеген соң бір күн, кеш сайын екі жүздей адам жиналды. Төрт күн бойы мол дастархан жайылып, қонақ-асылар берілді. Сол үшін төрт қой және бір ірі қара сойылды.
Ал жерлеу рәсіміне мыңға тарта адам жиналды. Оларға бір жылқы және екі ірі қара сойылып, "Ақбата", "Шаңырақ" ғимараттарында ас берілді. Адамның көптігі сонша, "Ақбата" мен "Шаңыраққа" екі мәрте кіргізілгенде де, жұрт лық толды. Табақ-табақ еттер желінді. Артынан дастарқан қайта жасалып, шай берілді. Дастарқанға неше түрлі тағамдар, тіпті, қыс болса да, әртүрлі жемістер де қойылды. Бәрі де желінді, қалғандарын қалталарға салып әкетті. Ешкім мұны ерсі көрмеді. Жиналғандар отырыстардың бәрінде де бейне тойдағыдай даурығысып, шуласып, әңгіме-кептерін, әзіл-оспақтарын айтысып, қарқ-қарқ күлісіп, ретсіз, әдепсіз жайлар жасаумен болды, оқылған құранның дауысын да дұрыс естіртпеді.
Марқұмның отбасы қайғы тартып, бала-шағалары шырқырап, туған-туыстары зар жылап жатқанда, басқалардың күліп-ойнап жүргендері қандай жаман көрініс. Сол келеңсіздік жан-дүниемді қатты күйзелтті. Және бір ең жаман жағдай: марқұмды жерлеуге жиналған соншама көп – мыңға тарта мұсылманнан жиырма шақты кісілер ғана намазға тұрды. Көптеген үлкен-үлкен қарттардың өзі сырт-та тұрып қол жаюмен ғана шектелді. Үлкендер намазға тұрып, жастарға үлгі- өнеге көрсетудің орнына, бейне тамақ ішу үшін ғана келгендей қалып көрсетті. Тағы да маған жөнсіз көрінгені: сол адамдар түгелдей марқұмды жерлеуге там басына бармай, намаздау болысымен, бірден тамақ ішуге "Ақбата" мен "Шаңыраққа" бет алды. Марқұмның жамбасы жерге тимей жатып, жерленбей-ақ, бұлар қо-нақасы жеп, құран оқып, шуласып, тарасып жатты. Осының бәрі ислам жолына оғаш емес пе?
Ал енді қонақасы беру онымен де тоқталмады. Бейсенбі сайын тағы да сол екі жүздей адам жиналып, қонақасы беріліп, қырқына дейін құран оқытылды. Мар-құмның қырқында тағы бір жылқы, екі ірі қара сойылып, ас берілді. Құран оқытылды. Енді алда марқұмның жылына арнап ас беруге екі жылқы, екі ірі қара, оншақты қой дайындау керек деп отыр.
Қазіргі мынау қымбатшылықта, нарық заман қыспаққа салып тұрғанда осылай, шексіз ысыраппен өлік жөнелту – білгендікке жата ма? Ақылға тіптен сыймайтын іс қой.
Ал енді адамдардың бойын жалған намыс билеп алған. Той жасауда, өлік жөнелтуде жаппай бәсеке. Шамасына қарамай, шексіз дарақылыққа барады. Қайта-қайта несие алып, қарызға батады. Соларын төлей алмай, қаншама қазақтар қаңғырып жүр. Банктер жалмауыздай жалмауда. Кредитті 60-70 пайыз қосып қайтаратын етіп береді. Мұндай өсімқорлық пайыздар әлемде жоқ. Оларда жылына 5 пайыздан аспайды. Ал біздегі қып-қызыл тонау.
Енді мына сұмдыққа қара. Қазір қазақта бұрын болмаған масқара, сол банктерден үлгі алған, қазақ өсімқорлары шықты. Бұлардікі – айына 10 пайыз үстеме, сонда жылына 120 пайыз үстемемен қайтарасың. Банктен екі еседей қымбат. Есеп білмейтін қазақтар соны да алып, қарызға шомылуда.
Қазір не көп? Той көп. Солардың ең маңыздысы – үйлену тойына кемінде бір млн.теңге керек. Сол тойлардың аса кеселді жағы: қарттары-жастары, ерлері-әйелдері аралас, кемінде 300-500 адам қатарлас отырып алып, арақ ішу бар. Шексіз жаттанды тілек айту, жат елдік саздар, әндер-билер қазақтың жан дүниесін аздырып, ұлттық рухын, ар-намысын жоюда. Арақсыз той жасау, саламаттық өмір салтына көшу қолдан келмеді. Қазақ қазаққа арақ сатуда. Қазақ қазақты арақ-сырамен суаруда. Үлкендері үлкендік өнеге-үлгі болу орнына, жастармен қатар, стақан соғыстырып, арақты сілтеуде. Мұнымен қазақ қалай ел боламыз?
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: "Қазағым, халқым, еңбек ет. Еліңе егемен бол" деп айтудай-ақ айтып келеді. Ал арақ ішкіш жұрт өнімді еңбек жасай ма, сана-сезімі оянып, еліне егемен бола алар ма? Еселеп еңбек етпеген жанда, егемен боларлық асқақ рух, ар-намыс та болмайды. Қазіргі жұрттың көбі сол арақ-сыраның кесірінен "қолынан бөзі, аузынан сөзі" түскен, еліне егемен болмақ түгіл, қарақан басын алып жүре алмайтын күйде.
Мақтанғаным емес, менен-ақ үлгі алыңдаршы. Сексенге таясам да, сергекпін. Денсаулығымда еш қылау жоқ. Тұрмысым да, Аллаға шүкіршілік – жақсы. Құдай жолындамын, қажылыққа Меккеге де барып келдім. Сөзде мүдірмеймін, істе сүрінбеймін.
Мен өзім экономист-бухгалтер болған соң да, бәрін есептеп отырам. Жұртымның есепсіз тірлігі, шексіз жасап жатқан ысыраптары жаныма батады. Қазіргі қазақ халқы үшін осы уақыт ысырабын да тоқтату – ең басты мәселе деп білемін.
Ол үшін қалайда, үгітпен не заңмен болса да шексіз ысыраптарға тыйым салып, жергілікті әкімдер, ардагер қарттардың төрағалары қолға алып, іске асырса жөн болар еді. Діни басшылар, ауыл имамдары өлік жөнелтудегі шексіз қонақ-асы берулерді "күнә" деп санап тоқтатса, қазақ халқына зор экономикалық пайда, рухани да жақсылық жасар еді.
Ертеде болған, "Шипагерлік баян" атты кітап қалдырған, қазақтың таңғажайып тәуіп-емшісі Өтейбойдақ деген кісі Әз-Жәнібек ханға былай деп кеңес берген екен: "Ей, ханым, халқыңды өсіріп-өркендетем десең, бірінші, қолдасып амандаспасын; екінші – сүйісу, сүю болмасын; үшінші – жеті атадан аспай, қыз алысуға жол берілмесін".
Қазір дінге бетбұрыста тоқырау бар сияқты. Мешітке бару азайып, имамдар да табатын табысы болмаған соң, күнкөріс қамымен күйзелуде. Оған ең басты себеп: халықтан мешітке түсім жоқ. Діни алым-салықтар төленбейді, қайыр-садақалар берілу өте аз. Бұл жөнінде Қостанай- Торғай аумағында танымал тұлға Жақсылық қажы Ғайсин баспасөзде бірнеше мәрте жазып еді. Бірақ өте маңызды ол ша-руа қолдау таппады, қолға алынбады. Ал, дінге бетбұрыс жасатудың басты тетігінің бірі – зекеттен бастап, діни алым-салық төлеу екендігі талассыз шындық. Егер де әр мұсылман өз шамасына қарай, ал, мыңдап мал айдаған, миллиондаған қаржысы бар байлар жинаған байлықтарын адалдап, алдамай, жасырмай, не басынбай, уақытында ислам діні белгілеген мөлшерде зекетін, т.б. төлеуге тиісті діни салықтарын төлеп, мұсылмандық жасап, қайыр-садақаларын молынан беріп тұрса, мешіттердің, имамдардың жағдайы жақсарып, халыққа беделі де артып, сөздері де өтімді болып, дінімізге үлкен, түбегейлі бетбұрыс жасалар еді.
Дінбасылар, имамдар өлік жөнелту рәсімдерін бетімен жібермей, әркімге ойына не келсе, соны істетпей, жөн-сіздіктерге, ысыраптарға қатал тыйым салып, түгелдей өз қарауларына алуы керек.
Бәрінен шығатын қорытынды біреу: өлік жөнелту, тағы басқалардағы астамшылықтарды, ысыраптарды жою керек. Талай айтылып та, жазылып та жүр: "Мына жалған фәниден өткен мұсылман баласының туыстарына парыз болатын төрт жүк бар. Бірінші – өлікті мәпелеп, тазалап жуу, екінші – ақ матаға кебіндеу, үшінші – міндетті түрде жаназасын оқыту, төртінші – мұсылманшылық жоралғымен жерлеу.
Осы төрт парыз толық орындалса, сол отбасының, туған-туыстарының мойынынан бұл қарыз-парыздар түседі.
Аруақтарға арнап ас беру – аталарын ардақтап, тарихын жадында сақтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғау үшін жасалатын, құран оқып, дұға бағыштайтын үлгі-өнеге боларлық діни, азалы дәстүр.
Сондай азалы шаруаның артын ұланасыр тойға айналту: ат бәйге, па-луан күрес, т.б. жасау – тозығы жеткен, ертедегі жабайы дәуірден, көшпелі, кең заманнан қалған ескі салт.
Қазіргі өркениетті, бірақ тар, қыспақ заманда қайғылы сәтті, қаралы рәсімді солай шаттықпен, тоймен жалғастыру – азалы шақтың, дәстүрдің маңызын, құнын кетіру, рәсуа қылу, халықтың, жұрттың сана-сезімін ботқалап, ластау, қайғы мен қуанышты, қас пен досты айыртпай, рухани жұтату, мәңгүрттеу.
Немістің ұлы ақыны, философ жазушысы И.В.Гете былай депті: "Бір құдайға сену – адамның жан дүниесінің барлық сұрақтарына жауап беретіні себепті, оның рухын көтереді. Біз ислам дінінде қалуымыз керек".
Ал, орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстой: "Саналы адамның ең соңғы табан тірер жері – ислам" деген екен.
Түрік халқының ойшылы, ислам ғылымы Фатхуллаһ Гулен: "Ислам – ғаламға мейірім әкелген дін", – деп жазған.
Ал қазақтың ұлы ақыны Абай былай деп жырлаған: "Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас. Махаббаттан жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп ғадәлатты" дей келе иманның үш гүлі осындай сүю екенін аңғартты емес пе?
Шынында да, дін – Алланың ақ жолы адамзатқа былай дейді ғой: "Адам өлтірме, өтірік айтпа, ұрлық қылма, арақ ішпе, зина жасама, кісі хақысын жеме, арам байлық жинама, адал еңбек ет, білім ал, үлкенді сыйла, ата-анаңды құрметте, жетім-жесірге жәрдемдес, жоқ-жітікке қарас, нашарға көмектес, әдепті, инабатты бол, ар-ұят деген – иман, ар-ұятыңды сақтап, иманды бол, бүлік салма, бірлікті сақта, кекшіл болма, кешірімді бол, өзіңе тілемегенді өзгеге тілеме, арамдық қылма, адал, таза, иманды жолмен жүр, т.б. Осы ақыл сөздердің артығы, қатесі бар ма? Жоқ, әрине! Онда дінімізге неге ден қоймаймыз?
Тарихтың тағылымында, дінінен безген адамның да, қоғамның да, ұлттың да, мемлекеттің де оңғаны жоқ. Соған соңғы айғақ – кешегі алып держава КСРО – бар әлемдік алып елдер "құлатам" деп жа-былғанда, бой-бермеген, сұрапыл Герман фашистерін де күлталқан еткен Кеңес Одағы өзінен-өзі құлады да қалды. Діннен безген, ахлақтық тіректен, сенімнен айрылғанды, қашанда құдайдың қаһары, діннің кепиеті солай ұрмақ, күлін көкке ұшырмақ.
Осыдан жүз жыл бұрын, яғни, 1913 жылы, ұлт ұстазы атанған ұлы тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: "Әлхамдулаллаһи, алты миллион халықпыз!" – деп қуанған екен. Сол кезде, өсіріп айтқанда, Өзбектер 3 (үш) миллиондай ғана екен. Ал қазір, БАҚ-тардың жазбасы бойынша: қазақтар 11 миллиондай да, өзбектер – 30 (отыз) миллион болыпты. Қарасаң, жаның қан жылайды! Жүз жылда, бір ғасырда, өзбектер 10 есе өскен де, қазақтар екі есе де өсе алмаған. Неге? Өзбектер де қазақтардай КСРО-да тұрды. Кеңестік "Қызыл қырғын" оларда да болды. Бірақ олар өсе берді, біз өше бердік! Неге?..
Сөз жоқ, бұл сұрақтың жауабы күрделі. Қазақтардың көп қырылып, өспеу себептері, жекелей алғанда: бірінші – көшпелілік, отырықшы болмағандықтан, жерді ембей, тек малмен ғана айналыс-қандық, екінші – отаршылдармен жерлестік, араласып кеткендік, үшінші – дінді берік ұстамағандық, төртінші – мешеу, зиянды салт-дәстүрлер, т.б. болды.
1991 жылы Тәуелсіздік алған соң, нарық заманы келіп, халықтың өсімін шегеріп тастады, өлім көбейді, туу азайды. Ол туралы атақты демограф ғылым Мақаш Тәтімов өзінің "Елбасы және ел саны" деген кітабында: "Мұндай "тарығу" тек соғыс жылдары ғана болған", – деп жазды.
Тарихи деректерде: қазақтар соғыстан соңғы 25 жылда (1945-1970) 2,1 мил.-нан 4,2 млн.-ға жетіп, екі есе өскен. Ал қазір тәуелсіздік алғалы өткен 25 жылдай уақытта, қазақтар екі есе өсе де алмадық. 16 миллион бола алмадық.1 млн. оралмандарды қосқанның өзінде 11 млн.-дай ғана болдық. Бұл өкінішті ахуал.
Әрине, оның дәлелді себептері де бар: өтпелі кезең қашанда солай болмақ. Десек те, көршілес өзбек те, қырғыз да еселеп өсті, тұралаған тағы біз ғана.. БАҚ-тар жазуда: әлемдегі 200-дей елден арақ ішуден 30-орын, ал, Орта Азияда – жеңімпаз екенбіз. Соның есесіне санымыз өспей, сарсаңға ұшыраудамыз. Әріден ойлап, жүз жылда, анау өзбектердей өскенде, қазағым қазір 60 миллион болар едік-ау, қазір 11-ақ миллионбыз, ең болмаса, 30 миллион болсақ еш жаудың тісі батпас еді-ау! – дегенде ішің удай ашиды. Заман өзгерсе де, біз өзгермедік-ау деп қынжыласың. Есті қазақтың бәрі сол күйде. Қатыгездік қалыпты айтып зар қақсауда.
"Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек", – деп Абай атамыз заманға кінә тақпа, дейді". Жанұзақ жанайқайын жақсы-ақ аяқтаған. Абайдың ащы зарын әдемі-ақ келтірген. Қорытындысы да талассыз. "Заманға кінә тақпа" дейді. Үлкен ұлағат сөз. Одан да өзің түзел деген даналық ақыл. Бас тақырып та айтып тұрғандай, атамыз Абай айтқандай, заманға жаман ғана, надан ғана күйлемек. "Ауып қонған бақ та" көбеюде. Заман солай ғой деп заманға "күйлеп", арын да, жанын да сатып, сан түрлі жалмауыз жемқорлар, жәдігөй жалдаптар, жарамсақтар, жандайшаптар, қиянатшыл қатыгездер көптеп-ақ шығуда. Тіпті кісі өлтіру, қанішерлік те пайда болуда.
Соның бәрі ойсыз өмірдің, дарақы тірліктің, жамандардың "заманға күйлегендігінің" сорақы салдары. Қазақтың қалпы қатты өзгерді. Саба-саба қымызын тегін құятын қазақ, қазір бір-біріне қара суды да сатуда.
Сол алапаттың ең басты себептерінің бірі шексіз дарақылық. Міне, қазақты өсірмей, өркендетпей, құртумен келе жат-қан кесапат салттардың зоры осы дейміз.
Бізше, қазақ халқы да қатыгез заман-ға сай, шынайы, қатал қарым-қатынасқа көшетін уақыт әлдеқашан жетті.
Сөз соңында айтарымыз: құрғақ сөз, құр мақтанға, даңғаза – дақпыртқа алданбай, берекелі іске кірісіп, шексіз тойларды, жаппай арақ ішулерді, өлім жөнелтуді тойға айналтуларды, ондағы қайғылы, қаралы отбасыға мыңдаған адамға қонақасы бергізіп, қосымша орасан тауқымет тартқызуды тоқтатып, бәріне тыйым салынып, өркениетті тәртіпке келті-рілсе екен. Тіпті, көп озық мәдениетті елдердей, қазалы үйге қазан көтертпейтін дәстүр қылсақ, қазақ халқына жасалған аса зор жақсылық болар еді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: барша қазақ қауымы, басшы – қосшы қосылып, мынау адамға адам аш қас-қырдай болған қатыгез де қыспақты, қытымыр заманда сорлап қалмау үшін: "Сорақы салттар – індет, Соларды жою – басты міндет! Іске сәт!", – деп іске кіріссек екен.
Оқырман халайық! Қазақ халқы: "Дос жылата айтады, дұшпан күлдіре айтады", "Ауруын жасырған өледі", – десе, ежелгі даналар: "Ақиқат сөз ащы болады, тәтті сөз ақиқат болмайды" деген.
Торғай ақсақалдарының тілегімен, шамамыз келгенше шырқыраған шындықты жаздық.
Рахым РЫСКЕЛДИН.
Жанкелдин ауданы.