Трагедия туралы комедия

І. Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының репертуары керемет туындымен толықты. "Сұлтанның аты – сұлтан" деп аталатын қойылым қостанайлық көрермендерді таң-тамаша етіп, жоғары бағалауға ие болды. Спектакль режиссері – Тобыл өңіріне арнайы шақыртумен келген тәжіктің театр қайраткері, драматург Барзу Абдуразаков. Ол сириялық жазушы Саадала Ванустың комедиялық шығармасын таңдаған. Туындыны қазақ тіліне қостанайлық белгілі қаламгер Абылай Мауданов тәржімәлады. 
"Бұл елде қаншалықты рұқсат берілсе, соншалықты тыйым салынады!", "Сұлтанда келбет болмайды", "Дүниедегі ең ұлы қасірет – құлдың сұлтанға айналуы". Қойылым жүгін көтеріп тұрған осы секілді тұғырсөздер жадыңда еріксіз жатталып қалады. Жанры комедия аталғанымен, айтар ойы зілдей ауыр, өзекті, өткір. Қысқаша мазмұны мынадай: Есте жоқ заманда, аты жоқ елде өзін құдайдан кем санамайтын қайырымсыз, қазымыр сұлтан тұрады. Ол кедейлік әбден сүйегінен өткен халқының түйір нан сұрап зар илегенінен ләззат алатын. Қарашасының қайыршылығын көрген сайын рақаттанатын. Көптің қарғысына жаны семіретін. Бір күні ескі әдетімен жарлының киімін киіп алып, ел ішін аралап жүргенінде, көшені басына көтеріп: "Мен ұлы сұлтанмын! Маған тізе бүгіңдер…" деп қолын көкке сермеп айқайлап тұрған Абу Аза есімді маскүнемге кез болады. Сол-ақ екен, еріккен әміршіге бір ой келеді. Есінен алжаса бастаған міскінді бір күнге тағына отырғызып, не боларын сыртынан қызықтап көрмек. Қызықтың көкесі ертесіне басталады. Құс төсекте оянған маскүнемнің сарай қызметшілері асты-үстіне түсіп, бәз баяғыша ләббайлап алдында құрдай жорғалап жүре береді. Халқы да дағдысынша аяғына бас ұрады, тіпті құшағындағы патшайымының да күйеуінің орнында басқа адам жүргенінде шаруасы болмайды. Бәріне бәрібір. Ешкім үшін ештеңе өзгермеген секілді. Бастысы, "сұлтан" тағында отыр. Ойыны осылған шынайы сұлтан бұл бассыздықты тоқтатпақ түгілі, сарайының маңына жолай да алмай қалады. Ал билік қолына тиіп,  әбден есі шыққан делқұлы Абу Аза адам танымастай өзгеріп шыға келеді. Баскесердің айбалтасын өз қолына алып, халқына қасіреттің көкесін көрсете бастайды… Құлдық сана, таққұмарлық, әділетсіздік, жәдігөйлік, сатқындық, аристофобия… – адамзаттың айығып бітпеген рухани кеселдері, барлық заманның бақытсыздық трагедиясы осы туындыға сыйып кеткендей. Байқар адамға айтары көп шығарма. Премьера көрермендерді бейжай қалдырмады. "Мұндай керемет қойылым көрмегелі көп болыпты" деп әсерленді көпшілік. Ал біз қойылымнан соң, әуежайға асығып тұрғанына қарамастан, спектакль режиссері Барзу Абдуразаковқа бірер сұрақ қойып үлгердік. Қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Неге нақ осы шығармаға таңдауыңыз түсті? Бұл қойылым арқылы, біздің тамашалағанымыздан бөлек, не айтқыңыз келді?
– Неге екенін білесіз бе? Өйткені мен кеңес дәуірінің адамымын. Кеңес дәуірінің адамы болу – өзіңнің жеке мәңгүрттігіңді түйсіну. Санаңа, жаныңа, геніңе сіңіп кеткен шектеулілігіңді, үрей мен қорқынышты сезіну. Өз бетіңмен өрге ұмтылудан тартыну, бірдеңе істеуге дәрменсіз болу, қуыстанып өмір сүру. Сөйте тұра үнемі сынағыш, мінегіш келу. Жүрген жеріңде "егер мен болсам, бүйтер едім", "егер біз болсақ, сүйтер едік" деп босқа бөсу, ауызбен орақ ору. Түсінесіз бе, отарда болған ұлттарға ортақ осындай болмыс қашаннан бері менің жанымды жегідей жейтін… Сосын осы материалды кезіктіріп, мұның тура біз туралы екенін бірден түсіндім. Біле білсеңіз, біз бұл спектакльде билік туралы айтпаймыз, өзіміз жайлы, жалпы халық жайында баяндаймыз. Сұлтанның орнына кез келгеніміз тап болсақ, бәріміз де Абу Азаға айналар едік. Қай-қайсымыз да Ким Чен Ын, Лукашенколар секілді болып шығар едік. Өйткені біз тоталитаризмнен басқа тәрбиені көрмегенбіз. Біз ұдайы демократия туралы айтамыз, "өркениетті елге айналдық" дейміз, "30 жыл еркінбіз" деп марқаямыз. Бірақ, сөйте тұра, "Сұлтанның аты – сұлтан" секілді қойылымды сахналасақ, залдың жартысы "не деген батыл дүние!" деп таңданады. "Спектакль билікке жаға қояр ма екен?" деп бүгежектеп қалатындар да бар. Өйткені бұлардың әрқайсысының санасында қолына айбалта ұстаған Абу Аза тұр. Бұл қойылымның көксегені – үстем тап өкілдері емес, өзіміз туралы ойлануға үндеу. Әйтпесе, "билік жаман, аяр, жемқор" дей салу оңай нәрсе ғой. Бірақ сенің өзің кімсің? Мен кіммін? Ойласып көрдік пе? Қанекей, бір-біріміздің көзімізге қарап тұрып, бүгінгі біздің кім екенімізді мойындап көрейікші. Өзді-өзімізге шынайы үңіле алсақ, құлдық, мәңгүрттік, жалтақтық жасырынып жатқан сана шыңырауына тап болар едік. Мінекей, осы түйткілдер аталған тақырыпты таңдап алуымызға түрткі болды. "Кімсің? Кіммін? Кімбіз?" деген үлкен сұрақтарға жауап іздеуге ұмтылдық. Мықты болсаң, жоғарыда тізбектеп өткен рухани кеселдері бойыңнан сылып таста, Чехов секілді санадағы құлдығыңды біртіндеп жанышта, ергежейлі адамға тән таусылмайтын батылсыздық, кемсінушілік, сенімсіздік сынды түкке тұрғысыз сезімдерден арыл! Міне, көрерменге осыны жеткізгіміз келді.  
 – Қостанайлық қыз-жігіттердің ойыны көңіліңізден шықты ма? Жұмысыңыздың нәтижесіне қанағаттандыңыз ба?
– Рұқсат етсеңіз, бұл сұраққа тәмсіл тілімен жауап берейін. Орман өртке оранып, оны мекендейтін барлық жан-жануар қауіпсіз жерге қашып шығыпты. Тек жұдырықтай торғай ғана өзенге ұшып барып, титімдей тұмсығымен тамшы су іліп алып, әлгі алапат өрттің үстіне әкеліп тамызады екен. Осы әрекетін бір сәтке тоқтатпай, дамылсыз жалғастыра беріпті. Мұны бақылап отырған жануарлар: "Торғайжан-ау, бұл еңбегіңнің еш кетіп жатқанын шынымен де түсінбегенің бе?" – деп сұрайтын көрінеді. Сонда торғай: "Ия, әрекетімнің пайдасы аз екенін жақсы білемін. Бірақ мен түбі Алламен бетпе-бет келгенде ол маған осы жайт туралы "сол кезде не істедің?" деп сұраса, мен оған: "О, Аллам, мен шама-шарқымның жеткенінше аянып қалмай еңбектендім", – демеймін бе!" – деп жауап берген екен. Актерлер бүгін шама-шарықтарының жеткенінше аянып қалмай еңбектенді. Маңдай тер ақталды. Дайындық кездерінде қатал, шектен тыс талапшыл болған шығармын, бірақ "бәлкім, соңында татуласып, досқа айналып кетерміз" деп едім, айтқанымдай ақырында бір-бірімізге алғыс айттық, мен оларға шынымен де бауыр басып қалдым. Көрермендер де лайықты бағаларын беріп жатыр.      
– Театрға халықтың аз баратынын үнемі айтамыз."Тобырдан халық жасайтын жер – театр" деген А.Чеховтің сөзін де аузымыздан тастамаймыз. Олай болса, сол тобырды театрға қалай шақырып аламыз? Көрерменнің азаю себебі неде?
– "Халық театрға бармайды, өйткені театр оларға керек емес…" деген сөздерді мың сан рет естігенмін. Сенсеңіз, бұған дейін де талай рет айттым, менің өзім балаларымды театрға жібермеймін. Неге? Қазір онда не бар екенін жақсы білгендіктен, "дұрысы, кітап оқыңдар" деп кеңес беремін. Театрдан жалығып кете ме деген күмәнім басым. Бізге театрды толықтай қайтадан ұйымдастыру керек. Нақтылай айтқанда, ой реформасы қажет. Біздің театр, мәдениет туралы түсінігіміз жаңғыруы, жетілуі шарт. Жалпы, біз көпшілікпен театр арқылы не туралы сөйлесуіміз керек? Оны қалай анықтаймыз? Деңгейді қалай көтереміз? Өзді-өзімізбен жұмыс істеуді неден бастаймыз? Жақсы әдебиеттерді екшеуді қайтіп игереміз? Сол арқылы көрерменге нақты не айтқымыз келетінін қашан қапысыз түсінеміз? Осы сұрақтарға жауап табылған күні көрермендер бізге өз еріктерімен келе бастайды. Мысалы, сіз айтары аз, сұқбат-сыры жоқ адамға әңгімелесуге барар ма едіңіз? Әрине, жоқ дейсіз. Бұл да дәл сондай жағдай. Яғни театрдың көпшілікке айтар сөзі сұйылып кетті. Түсінесіз бе, біз іш пыстырар адамдарға айналып барамыз, публиканың бізбен көп аса қатынасқысы келмейді. Актерлер актердің рөлін ойнап кетті. Сондықтан біз өзімізді өзгертуіміз керек.
Мынадай тағы бір мәселе бар, театрдың тоқырауға ұшырап бара жатқаны тіпті режиссердің немесе драматургияның жоқтығынан да емес, оның себебі – театр тұлғаға мұқтаж. Арамыздан жарқын тұлғалар, қайталанбас алыптар кетіп қалды. Жан-жағымызды қаумалап, тынысыңды тарылтатын болар-болмас, толар-толмас актерлер ішінен көзің тоқтайтын хас майталмандардың жоқтығы жанға батады… Бірақ ұлы өнердің болашағынан күдер үзуге тағы болмайды.   
– Уақыт бөлгеніңіге рахмет! Жолыңыз болсын!
Жандос Жүсіпбек

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓