Алыстағы Ақкөл

Жанкелдин ауданының Ақкөл ауылы – аймағымыздың ең шалғай елдімекендерінің бірі. Торғайға дейін тақтайдай асфальтпен (қазіргі таңда Амантоғайға дейінгі жол жөнделіп, көлік қозғалысына тежеу болып жатыр) жүйіткіп, Шұбалаңнан солға бұрылғаңыз сол екен – алдымен шифер болып қалған дірілдек көтермемен Қабырға өзенінің көпіріне дейін жетесіз, әрі қарай Ақкөлге дейін ақшаңдақтатып отырып жетесіз. Жазда нөсер, қыста боран кезінде қатынастың машақатын аз тартпайсыз. Ұшы-қиыры жоқ далаға қарап сүйініп бір аласыз, асфальт төселмеген ойдым-ойдым көтерме жолды көріп күйініп бір аласыз…
сайт1
 
Ал ауылға жеткеннен-ақ жаныңның жадырап сала кететінін айтсаңызшы. Аққу қонып, қаз ұшқан, беті жыртылып-айырылған құсқа, суы шортан мен сазанға толы, «бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған», талай әңгімеге арқау, талай тарихқа куә, айнадай жарқырап жатқан Ақкөл көлі туралы талай ән шығарылып, жыр арналды.
Жарықтық ел орнында, тоқсаныншы жылдардың қысылтаяң шағынан бері іргесі сөгілген жоқ. Бүгінгі таңда 96 отбасы түтін түтетіп отыр.  
         Ыстық су
Ақкөл ауылынан 12 шақырым жерде жер астынан ағып жатқан шипалы су бар. Бұл мекен Тентексай деп аталады. Ауру-сырқауына, әсіресе, тері ауруымен ауыратындар алыс-жақыннан мұнда жиі келеді. Ақкөл ауылына келген қонақтар жолшыбай осы ыстық суға шомылмай өтпейді. Ауылдағы ағайынның айтуынша, бұл шипалы су көзі 1989 жылы табылған. Сол жылдары Башқұртстаннан келген геологтар осы өлкеде бұрғылау жұмыстарын жүргізу барысында анықтапты. Дайын суға құбыр орнатылты сол кезде. Құбыр бойымен жоғары атқылаған ыстық су маңайға жайылып, қазір кішігірім көлшікке айналған. Мұнда жаз мезгілі туғанда сырттан келушілердің қатары көбейеді. Олар отбасымен бірге басына түнеп жатып ем қабылдайды. Судың шипасы теріге шыққан жараларды ғана жазбайды, буын ауруларына да бірден-бір ем. Өйткені, судың орташа температурасы 56 градус ыстықты көрсетіп тұр. Жаздың күндері 70 градусқа дейін қайнайды екен. Ол кезде шомылу тіпті мүмкін емес. Табиғаттың тылсым күшіне таң қаласың. Қол-аяғыңды батырсаң, кәдімгідей қыздырады.

сайт7

«Зертханада тексергенде бұл судың құрамында йод, феррум, күкірт бары анықталған. Оны ешқандай зертханасыз да байқауға болады», – дейді ауылдықтар. Шынында да ыстық су ағып жатқан көлшіктің жиегі күкіртке, темір ұнтақтарына ұқсайтын қиыршықтарға толы. Су астындағы қара батпақтың да емдік қасиеті бар. Оны, тіпті, ыдыстарына салып әкететіндер де бар. Бұл қыста да қатпайды, буы бұрқырап ағып жатады.
Алыстан арнайы дертке дауа іздеп келгендерге қиын-ақ. Өйткені, маңайында ешқандай ем алып, қонып жатуға жағдай жасалмаған. Сондықтан ауылдықтар алдағы уақытта шипалы су емделетін орынға айналса екен дейді. Ал Ақкөл ауылының әкімі бұл орынның алдағы уақытта бір кәдеге жарайтынын айтады:
-Қазақ күресінен түйе палуан Ерлан Естек осы жерді иелікке алып, туристер демалатындай орын ашсам деген ұсынысын білдіріп отыр. Мұның бәрі алдағы уақыттың еншісінде, – дейді Балғабай Қалиев.
         «Көбейтұздың кебін кимесе екен»

сайт6

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысындағы ерекше қызғылт түсті Көбейтұз көліне келтірілген орасан зор зиянға қатысты халықтың алаңдаушылығын орынды деген болатын. Ақкөлдік ағайынның да жанайқайы осындай. Облыс орталығынан алты жүзден астам шақырым қашықтықта жатқан Ақкөл ауылындағы Қаратұз биыл жазда аяқ астынан жалпақ жұртқа танымал болды. Жергілікті халық осы бір табиғат жауһарының ластанбай, маңайының таза болғанын қалайды. Келушілердің қоқыс қалдықтарын тастап кетпей, айналасын жинап-тазалап кеткеніне не жетсін.
Ал бұл тұздың дертке шипа екенін жергілікті тұрғындар бұрыннан біледі. Жаз айы туысымен мұнда еліміздің әр өңірінен, сонымен қатар Ресейден де саяхатшылар жиі келеді. Дегенмен биылғы адам қарасы тым көп. Осы көлдің маңы адам аяғынан арылмады. Себебі тұзы дертке ем. «Бұрын бала күнімізде ата-әжелеріміз киіз үйін көтеріп, тұзға кеттік деп айтатын еді. Сол осы Қаратұз» дейді бізбен әңгімесінде ауыл тұрғындары. Суының түсі мөлдір, аспан түстес көгілдір. Ақкөлден 22 шақырым жерде орналасқан. Аумағы шамамен 9,7 шаршы шақырымға жуық, тереңдігі – 18 метр. Тұздың қоры 40 миллион тонна. Көлдің лайы мен тұзы сүйекке, теріге өте жақсы әсер етеді. Салқын тигенде бөлме температурасындағы балшықты тұзды денеге тартса, өте жақсы қыздырады дейді білетіндер.

сайт8

Ақкөл ауылының әкімі Балғабай Қалиевтің айтуынша, бұл табиғат байлығының құнарлылығы әлемге танымал «Илецк» және «Аралтұз» сияқты өңделген, йодталған тұздармен тең. Тұз Қостанай облысы бойынша тек екі-ақ жерде болса, соның бірі осы ауылда. Биыл мұнда демалушылардың бірі әлеуметтік желіге салып жібергеннен кейін ойдан-қырдан ағылып келушілердің қатары тым көбейген. Сол келгендердің кейбірі қоқыстарын әр жерге тастап кетіп жатады. Осыдан үш жыл бұрын жеке кәсіпкер «Ералин» осы мекенді өз иелігіне алған. Алайда ауыл әкімі әзірге оның тұзды көлді пайдаға жаратпай отырғанын айтады:
-Тұздың иесі жақында ғана келіп кетті. Басына техника қойып, тұз өндірісімен айналыспақшы. Табиғаттың теңдесі жоқ сыйы ғой бұл. Осы жерге туристер келіп демалатындай орын ашсаң деген ұсыныс айттық. Басында ештеңе жоқ. Алыс-жақыннан келгендерге басына ем-дом алатындай жағдай жасалса, – дейді ол.
Шетелдік турис­тер­дің қызығушылығын оятқан Қаратұздың, оның құрамы зертханалық зерттеуді қажет етеді. Сонымен қатар көлдің табиғи сұлулығын сақтап қалу үшін тұзды көлге баратын жолға белгілер қойып, бірнеше әжет­хана мен қоқыс контейнерлерін орнату керек-ақ. Қаратұздың суы, тұзы мен батпағы расында адамға шипалы екені дәлелденсе, инфрақұрылымын қолға алатын кәсіпкерлер де табылып қалар.
         Көптен күткен қуаныш

сайт3

Біз барғанда ауылда «Таза су» бағдарламасы бойынша су тұщыту қондырғысы мен үлкен су жиналатын мұнара, су тарату желілері тартылып жатыр. «Алюминстрой» ЖШС қазу, су тарту жұмыстарымен айналысуда. Қазір көше аралары қазылып, әр үйге тарту жұмыстары жүргізілуде. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 49 ауыл тұрғыны су құбырын тартуға жұмысқа тұрған.

сайт4

-Осы жылдың желтоқсан айына дейін 84 үйге су тарту жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Бұл бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен 388 миллион теңге бөлініп отыр. 110 дм пластик құбырлар ауыл көшелеріне тартылады. Құбырлар көше бойлап, әр үйдің тұсына келгенде 2-3 метрлік құдықтар орнатылады. 25 дм пластик трубалар арқылы үйлерге тартылатын болады, – дейді Балғабай Таулашұлы.
Ал көктемде А.Байтұрсынұлы мен Ақкөл ауылының арасында жол қатынасы үзіледі. Әсіресе, көрші ауыл жол машақатын тартады-ақ. Қар еріп, су тасыған кезде тоғыз шақырымдық екі ауылдың арасындағы төте жолмен жүру мүмкін емес. Сол себепті, Ахаң ауылының жұртшылығы бері қарай өту үшін алпыс шақырым бойы Ақкөл көлін айналып келуге мәжбүр. Биыл ауылдықтар осы мәселені көтеріп, енді міне, екі ауылдың арасын жалғайтын көпір салынып жатыр.
-Көпір салуға республикалық бюджеттен 560 миллион бөлініп отыр. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы көпір салуға ауылдан 20 адам жұмыспен қамтылды. Жолдың қашықтығы тағы бар, жауын-шашын кезінде қажетті құрылыс материалдарын тасымалдауға айтарықтай қиындық тудырады, – дейді ауыл әкімі.

сайт2

сайт9

сайт10

Суреттерде: ауылдың тыныс-тіршілігі.
Ақкөл ауылы,
Жанкелдин ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓