Ұшқан ұя (Торғайдағы Ы.Алтынсарин мектебінің 150 жылдығына орай)

Осы бір қастерлі мерейтойдың дүбірі естілгелі бері жадымдағы балалық шақ жаңғырып ерекше бір сезімге бөледі.
Біз үш сынып қатар бітірдік. Ол дегеніңіз орташа тоқсанға жуық бала. Және 11 сынып бітіргендіктен бәрі де соқталдай жігіт болып қалған ұл, бой жетіп қалған қыз. Ішкі бұла күш бойға сыймай, буырқанып  тұрған шақ, мектептің тар дәлізіне әзер сиямыз. Кейде сөз жарыстыру, қақтығысып қалу, қыздарды қызғану сияқтылар болып тұрады.  Өз басым әдебиет, тарих, география сияқты пәндерді жақсы меңгеріп, физика мен математикаға шорқақ болдым. Тарих пәнінің мұғалімі Кәрім Әлмағамбетов ағай сабақты түсіндіргенде "миыңа құйып" жіберуші еді.  Лекциядан кейін сабақты іле сұрайтын әдеті болатын. Біз зейін қойып тыңдайтынымыз сондай, ағайдың айтқандарын марқұм Жанақмет Шайхыстанов екеуміз айна-қатесіз айтып беретінбіз. Ағай оны бағалап, бізге жақсы, өте жақсы деген баға қоятын. Фарзана апай біздің географияға деген құштарлығымызды оятты. Сол кездің өзінде дүние жүзінің картасын жайып қойып, кез келген  ірі қалаларды оп-оңай тауып беретініз.
251207-21Әдебиет мен үшін киелі пән болды. Мәлике Нұрмағамбетова апайым мені сол үшін жақсы көретін. Апайдың жетекшілігімен  біз түрлі-түрлі әдеби кештер, викториналар өткізіп, "Жас қалам" атты қабырға газетін шығарып  тұрдық. Оныншы сыныпта оқып жүргенде апай туралы аудандық "Жаңа өмір" газетінің бір бетін толтырып  "Армандар жетекшісі" деген очерк жазғам. Басқа мұғалімдер бұған ептеп қызғанышпен қарайтындай еді. Математикадан беретін (Қоқаң) Қонақбай Әлин: "Әй, Шайманов, сен мен туралы неге жазбайсың?" деп әзілдейтін. Қайда, математика мен физикадан түк сезбейтін, қалай жазам өзім түсінбейтін нәрсе жайлы. Осы екі пәнге қатысты мынадай қызық оқиға да болды. Әлдеқашан өтіп кеткен жәй ғой, ұстаздарым кешірер, айтып берейін:
Бір жолы "айналмалы тоқ" деген тақырыпты өттік. Физикадан беретін Жан Жүсіпов ағай мені тақтаға шығарып, сабақ сұрады. Мен өз түсінігімдегі қарабайыр ұғыммен даладағы баған басында, екі жолақ сым болады. Подстанциядан берілген тоқ соның біреуінен өтіп, үйдегі розеткаға беріледі. Екінші сыммен тоқ қайтадан сыртқа шығып, әрі қарай кетеді деген сияқтыны айтып "сандырақтағанмын" ғой. Шамасы он минуттай сөйлесем керек. Балалар жырқ-жырқ етіп күледі. Ағай мені тоқтатпай тыңдап отыр. Соған қарап өзімше тақырыпты дұрыс түсіндіріп жатырмын-ау деп жобалаймын ғой, баяғы. Бір кезде ағай: "Айтып болдың ба?"– деді, – "Болдым ағай",– "Отыр, екі",– деді, ағай.  Төрт тоқсан бойы жарытып баға алмаған Қарасай, Тобыл, Серік, Қайырхан және мен математикадан күзгі сынға қалатындай жағдайда болдық. Ол кезде Семей облысы, Шұбартау ауданы жастары жас шопандар бригадасын ұйымдастырып, бүкіл қазақ еліне даңқы тарап жатқан кез. Біздің бағымызға қарай, Алматыдан  Тауфиық Сартақанов деген "Лениншіл жас" газетінің  тілшісі келіп, мамандық таңдау жөнінде пікір сайысын ұйым-дастырмасын ба.  Біз жоғарыдағы аты аталған балалар ақылдаса келе "әйда ,  шопан боламыз" деп бастама көтерейік. Сонда күзгі сында қалдырмайды деген ұйғарым жасадық. Ақыры солай болды, бізге емтиханды қайта тапсыруға рұқсат берді. Бірақ, Қайырханнан (марқұм) басқа шопан болған ешкім жоқ. Балалардың барлығы жоғарғы оқу орнына түсті, экономист, спорт пәнінің мұғалімі, тарихшы, дәрігер сияқты сан түрлі мамандықтың иесі болды. Тоқсан баланың арасында журналистиканы таңдаған жалғыз мен. Бақытымды осы саладан таптым. Өсе келе Торғайдан шыққан облыстық газеттің тұңғыш редакторы, АҚШ-та болған алғашқы журналист атандым. "Жылдар, ойлар", "Дала демі" "Іңкәр дүние" атты үш кітап жаздым. Жер көрдім, ел араладым, әр қилы адамдармен араластым. Менімен қатар оқыған, мектепті алтын медальмен бітірген Бәтжан Жұмағалиева, күміс медальмен бітірген Тойшыбек Шүкіров (марқұм) бірі ұстаз, екінші дәрігер елге сыйлы азамат болып ержетті. Қазір Бәтжан химия ғылымдарының кандидаты, Қостанай педагогикалық институтының профессоры, Дүйсен Шәкенов медицина ғылымдарының докторы, профессор, Астанада тұрады. Менің сыныптастарым Торғай облыстық әділет басқармасының басшысы болған Қуантай Шынтеміров, Торғай облыстық мәслихатының хатшысы болған, марқұм Сұлтанбек Ысқақов, дін насихатшысы, Акбар қажы, қасиетті қағбаға кірген Мейрамхан Тәшетұлы, белгілі құрылыс маманы, бірнеше шет мемлекеттерде жұмыс істеген Дәмер Қызжанұлы, Алматыда тұратын танымал суретші Жұмат Әнесұлы, Қазақстан Республикасы Президентінің аппаратында жұмыс істейтін Қарасай Тұрғанбекұлы – осы Торғай мектебінің мақтаныштары.
Біз ұшқан ұя – мектебімізді, абзал ұстаздарымыз Ғазез Әмірханов, Оразхан Аймақов, Шамкен Бейсенова, Балдай Тұрмағамбетова, Серік Хасенов, Сұлтан Қожмұхамбетов, спорт майталманы Едірес Қыстаубаев ағайды қашанда сағынышпен еске аламыз.
 Серік Шайман,
 Қазақстанның Құрметті журналисі.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓