Қамаудан босатылды
Қостанай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында ҚР Президентінің "Қостанай облысында төтенше жағдайды енгізу туралы" Жарлығымен жарияланған төтенше жағдай режимін бұзғаны және ҚР бейбіт шеру ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған 21 адамға қатысты әкімшілік істер қаралды. Бұл туралы Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлайды.Іс материалдарына сәйкес, 12 құқық бұзушы коменданттық сағат кезінде тұрғылықты мекенжайынан тыс жерде болған, ал 9 адам облыс әкімдігінің алаңында өткен бейбіт шеруде заңдылықтарды бұзған.
Бірінші инстанциядағы соттар 7-ден 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу түрінде әкімшілік жазалар қолданған еді. Қаулылар аясында қолданылған әкімшілік жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына сәйкес келмеуіне байланысты және құқық бұзушылардың жеке басын ескере отырып, сот алқасы әкімшілік қамауға алу мерзімін 1 тәуліктен 5 тәулікке дейін қысқартып, өтелген мерзіммен шектеп, барлық қолданылған жазаларды жеңілдетті.
Қаулылар заңды күшіне енді.