Есірткі жарнамалары өшірілді
Қостанайда есірткіні жарнамалайтын жүзден астам жазба өшірілді. Граффитилерді, суреттер мен мәтіндерді бояп өшіру акциясын облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері жүргізді.
– Есірткі саудасымен айналысатындар тыйым салынған өнімдерін сатудың түрлі амалдарына көшуде. Соның ең көп таралған түрі – жазбалар. Мұндай жарнамалы мәтіндер есірткі іздеушілерге сілтеме береді, – дейді бөлімше қызметкері Айгүл Ерәділова.
Бұл – облыс орталығында биыл жүргізіліп отырған алғашқы акция. Іс-шараға отыздан астам тәртіп сақшысы қатысты. Бірнеше сағатқа созылған рейд барысында акцияшылар қала көшелеріндегі, тұрғын үй қабырғаларындағы 65 жазбаны және қырықтан астам граффитиді өшірді.