Алаңсыз алаң
Желтоқсан айының соңында Қостанай қаласындағы үш мектепте вакциналау пунктері ашылды. Егу алаңдары қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Онда 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөпірімдер егіледі.
Вакцинация процесіне ата-аналар қатыстырылады. Олар баланың жағдайын дәрігерлермен бірге бақылап, құжаттарға қол қоюы керек.
Егілуге ниет білдіргендер алдын ала жазылады. Өтініш берген ата-анаға дәрігерлер қоңырау соғып, пунктке шақырады.
Pfizer вакцинасының бір құтысы алты оқушыға жетеді. Осынша адам жиналмайынша, препарат ыдысы ашылмайды.
Қаладағы егу пункттерінің бірі М.Горький атындағы гимназияда. Мұнда өткен жұмаға дейін 33 бала екпе салдырған. Білім беру басқармасы мамандарының айтуынша, вакциналау басталғалы бері көптеген оқушы емханаға барып егілген. Тұрғындардың көбі мектептерде пункт ашылғанын енді естіп жатқан көрінеді.
«Мектепте егілудің бір тиімді тұсы – мұнда ауру-сырқаулар жоқ, басқалардан вирус жұқтырмайды. Тағы айта кететін жайт, мұнда бәрі өзінің ортасы. Күнде көріп жүрген мұғалімдері мен мектеп іші. Сондықтан, ешқандай психолгиялық қысым болмайды», – дейді №2 емхананың эпидемиолог-дәрігері Инна Соколова.
Бұл сөзді гимназияның 7-сынып оқушысы Алина Блохина да қуаттады. Ол бірінші компонентті емханада салдырған.зі оқитын білім ошағында егу алаңы ашылғанда екінші компонентті осында алуды жөн деп санағанын айтады.
«Өте ыңғайлы. Бәріміздің ата-анамыз жұмыс істейді, емханада бәлен уақыт кезек күтіп тұра алмайды. Ал мұнда белгілі бір уақытқа қана келіп кетеді. Егу туралы шешімді ата-анамызбен бірлесіп қабылдадық», – дейді Алина.
Анасы Инна Блохина әуелде баласы үшін алаңдағанын жасырмады. Бірінші екпеден соң, күмәні сейіліп, көңілі жай тапқан.
«Қызым еккен жері сәл ауырғанын айтты. Одан басқа ештеңе мазаламады. Үйде бәріміз екпе салдырдық. Бұл – отбасымыздың саулығы әрі айналамызға қауіп төндірмес үшін», – дейді қала тұрғыны.
Айта кетейік, бүгінге дейін облыста 5 мыңға тарта жеткіншек вакцина алған.
Аслан Қанғожин
Суретті түсірген автор