Бала бақытты болу үшін жаралған
Бүгiнде мүмкiндiгi шектеулi балаларға қамқорлық көрсету, оларды өмiрге бейiмдеу, денсаулығына көмек көрсету тәрiздi өзектi мәселелер күн тәртiбiнен түспей келедi. Әсiресе, оларды болашақта еңбекпен қамтып, қоғамдық өмiрге белсендi араласуы мақсатында мемлекет көптеген жағдайлар жасап жатыр. Оған Лисаков қаласындағы мүгедек балаларға арналған күндізгі бөлімше жұмысы дәлел. Мұнда 3 жастан 18 жасқа дейiнгi балалар келеді. Жас өскіндердің дені аутизм, даун синдромы, жүйке-неврологиялық патологиясы бар, церебралды сал ауруы диагнозымен ауыратындар. Олардың қалыпты жағдайға келуiне аса зор көңiл бөлiнедi.
Нәтиже бар
Бұл мекен осыдан он бір жыл бұрын қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанынан мүгедек балаларға арнап күндізгі болу бөлімшесі ретінде ашылды. Осы жылдар ішінде 38 бала оңалту-бейімдеу курстарынан өтті. Қазір 20 балаға ғана шақталған бөлімшеде айтарлықтай кезек жоқ.
Мұндағы мамандар мүгедек баланың өз бетімен әрекет етуге дағдылануы және қоғамға тезірек бейімделуі үшін ата-аналарға дұрыс тәрбие жайлы кеңес беруден жалыққан емес. Лисаков қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ресми дерегі бойынша, моно шаһарда кәмелетке толмаған 87 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Бөлімше меңгерушісі Кәмшат Ибраеваның айтуынша, қызметкерлер арнаулы әлеуметтік қызметтерді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №165 бұйрығымен бекітілген жартылай стационар жағдайында халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеу-меттік қызмет көрсету стандартына сәйкес жүзеге асырады. Әр ерекше баланың дамуына түзету көмегін көрсететін арнайы мамандар жұмыс істейді. Олар – емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, психолог, музыка мұғалімі, тәрбиеші, әлеуметтік қызметкер, буфетші, жүргізуші. Қазір дефектолог, логопед, медбике мамандары тапшы. Балаларға демалыс және мерекеден басқа күндері күн сайын қызмет көрсетіледі.
– Ерекше балаларды тасымалдауға арналған арнайы автокөлігіміз бар. Біз балаларды қаланың шағын аудандарынан және Октябрь кентінен бөлімшеге күн сайын тасып отырамыз. Қазір бөлімшеге 3 жастан 18 жасқа дейінгі 14 бала барады. Олардың болу уақыты – 4 сағаттан екі ауысым-ға бөлінген. Кейбір қызмет алушылар үйде оқиды. Қазір олардың саны алтау, – дейді Кәмшат Серікқызы.
Уақыт өте келе, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұндай орталықтарға барғаны дұрыс. Өйткені, үйде төрт қабырғаға қамалып отырып қалмай, дамуы керек. Мұндағы мамандар басында балаға қандай көмек түрін беру керектігін анықтайды. Әр баланың денсаулығы, мүмкіндігі де әр түрлі. Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау дағдыларын қалыптастыру, мүгедектің қабілеттерін анықтау қажет. Емдік дене шынықтырумен қоса кешенді сабақтар да өтіп тұрады.
– Жұмыс барысында біздің мамандар психологиялық-медициналық, педагогикалық комиссияның барлық ұсыныстары, балалардың қызығушылықтары мен жас ерекшеліктеріне мән беріліп, олардың зияткерлік қабілеттері мен диагноздары ескеріледі. Мұнда кез келген баланың бірқалыпты және жан-жақты дамуына бағытталған қажеттінің бәрі бар. Арнайы ойын бөлмесі, музыка залы, емдік дене шынықтыру және жабдықталған сенсор кабинеттерінде жүруге арналған орындықтар, құм терапиясы, велотренажер, логопед тренажер құрылғылары қойылған. Ата-аналарға кеңес беріледі және психологиялық қолдау көрсетіледі. Әрбір педагог балалармен жұмыс істеудің жеке және топтық әдістерін қолданады, тақырыптық әңгімелер өткізеді, ата-аналармен жеке жұмыс істейді. Ата-анасы үшін семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдас-тырып тұрамыз. Болашақта мұның бәрі ұжым мен тәрбиеленушілердің түрлі деңгейдегі іс-шараларға қатысуы үшін керек. Биыл біз бірнеше рет республикалық, облыстық, қалалық онлайн байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық, – деп атап өтті бөлімше меңгерушісі.
Пандемияға қарамастан "Тарихи естелікті сақтаушылар" қалалық байқауында осы бөлімшенің тәрбиеленушілері екі номинация бойынша жүлделі орынға ие болды. Екатерина Бузмакова, София Закирова, Алина Раисовалар түрлі қалалық, облыстық, республикалық байқауларға белсене қатысып отырады.
Шектен тыс аяушылық
Педагогтердің айтуынша, қызмет алушылар өзара тіл табысып, ойын, әлеуметтік-тұрмыстық және гигиеналық дағдыларды үйренеді, қоршаған әлем туралы білімдерін айтарлықтай кеңейтеді. Кейбірінің таным-түсінігі өзгеріп, сөйлеу белсенділігі артқан.
– Біздің мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді қоғамға әлеуметтендіру. Өз эмоцияларын еркін білдіру, еркін сезіну үшін сенімді қарымқатынас атмосферасын құру арқылы жұмыс жасаймыз. Кейбір балалар өз бетін-ше киінуді, тамақ ішуді, ойыншықтарды жинауды үйренді. Жеткіншектер мерекелік іс-шараларға, танымдық ойын-сауық конкурстарына, спорттық сайыстарға, экскурсияларға белсенді қатысып жүр. Кейбірі музыкалық аспаптарда ойнауды меңгеріп, нотаны игерді. Барлық мамандардың бірлескен жұмысының нәтижесін-де қызмет алушылар дербес бола бастады. Ал кейбір ата-аналар, тіпті, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. Мысалы, бір тәрбиеленушіміз мүлдем сөйлей, жүре алмайтын. Бірақ жадысы, әуезді меңгеру қабілеті күшті болды. Біздің мамандар оған музыкалық білім берді. Бірте-бірте синтезаторда ойнауды меңгеріп те алды. Ата-анасы да баласына үлкен қолдау білдірді. Үнемі осы бөлімшеге әкеп тұрды. Қазір ол жеткіншек әуезші. Авторлық әндер шығарады өздігінен. Ақырындап жүруді үйренді. Компьютерді жетік меңгерді. Өмірден өз орнын тапты, – дейді Кәмшат Серікқызы.
Лисаковтықтар да бөлімшеге материалдық, моральдық жағынан көмектесіп тұрады. Әсіресе, жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, Лисаков техникалық колледжінің студенттері, мектепке дейінгі балалар ұйымдары мен волонтерлер, Лисаков қалалық Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениеті мұражайының қызметкерлері балалардың бос уақыттын тиімді өткізуге көмектеседі. Ал жастар ресурстық орталығының психологы балалармен және олардың ата-аналарымен психологиялық тренингтер өткізеді. Айта кету керек, меценаттар, қалалық мешіт имамы тұрақты түрде қайырымдылық көмек көрсетіп келе жатыр.
Әке-шешенің шектен тыс өбектеуі кемтар баланы әлеуметтік ортаға бейімдеуді қиындатады. Мамандар ата-аналарға мүгедек баламен тең қатарлы, дені сау адам сияқты қарым-қатынаста болуға, басқа мүгедек балалармен араласудан тыймауға, артық өбектеуден бас тартуға кеңес береді.
– Тым өбектеген бала қоршаған ортадан, ересектер мен басқа балалардың өмірінен шеттей береді. Бұл оның танымдық және әлеуметтік тұрғыдан жетілу процесін тежеп, бала бойында кіріптарлық, дәрменсіздік, өз күшіне деген сенімсіздікті күшейтіп, қиындықтан қашатын жасық мінез тудырады, тұлға ретінде қалыптасуына кедергі келтіреді, – дейді Кәмшат Серікқызы.
Шетел тәжірибесі
Жұрт арасында "көру, есту немесе өздігінен қимылдау қабілетінен айырылған бала – бақытсыз, оның өмірі азапқа толы" деген түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде мүгедектік адамның белсенді өмір сүруіне кедергі келтіре алмайды, келтірмеуі де тиіс.
АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде мүмкіндігі шектеулі жандарға деген мұндай қарым-қатынасты 4-5 жастан бастап қалыптастырады. Мүгедектерге ар-налған арбада отырған, қол-аяғы жоқ, қара көзілдірік таққан және ақ таяқ ұстаған қуыршақтар шығарады. Мектеп оқушыларына арнап ойын түріндегі тренингтер өткізеді. Мұндай сабақта балаларды мүгедек арбасын жүргізуге, көздерін қара байлауышпен таңып, ақ таяқтың көмегімен бағдар табуға үйретеді. Жалпы білім беретін мектептерде оқу бағдарламасында мылқау жандар пайдаланатын ишара-ым тілін үйрету де енгізілген.
– Мүгедек балаларды бейімдеудің шетелдік тәжірибесі кемтарлықтың "қалыпты" нәрсе екенін көрсетуге бағытталған. Мұндай психологиялық қолдау мүгедек баласы бар отбасыларға көп көмектеседі, – дейді мамандар.
"Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған" деген әнді бірнеше рет тыңдаған боларсыз? Егер естімеген болсаңыз, алдымен құлақ салыңызшы. Сүйектен өтер шынайы сөз жан баласын бей-жай қалдырмайды. Әнге арқау болған әңгіменің ауаны бүгінгі тақырыбымыздан сәл өзге. Дегенмен өзек – біреу. Ол – сәби бақыты. Мүгедек деуге ауыз бармаса да, қоғамдағы мүмкіндігі шектеу-лі жандарға деген "айрықша" көзқарас бар. Қатарластары шеттетпесе, кемтарлығы үшін ұялмаса, бала кезінен бастап өзге құрбыларындай тай-құлындай тебіссе деген тілек – әр ата-ананың жүрегінде. Инклюзивті қоғам орнату қажет екені осындайда ерекше сезіледі.
Лисаков қаласы.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.