Іскер әйел – білікті кәсіпкер
Қолға алған кәсібін одан әрі дамытып, бастаған істің аяқсыз қалмауын қадағалап, әр ісіне тыңғылықты қарап, кәсібін нәсіп етіп отырған кәсіпкер әйелдер біздің ауданда да жетерлік. Солардың бірі Зәмзәгүл Әуелбек.
Сөзіміздің дәлелі алыстан көз тартып, менмұндалап тұрған мына "Нұр-Ая" азық-түлік дүкені. Қазіргі заман талабына сай салынып, сыртқы келбетіне сүйсіне отырып, ішіне кірсең, адам шыққысыз бұл дүкен күн батыс жағынан сәуле шашып ауданымыздың ажарын нұрландырып тұр.
Өткен аптада осы дүкеннің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі А.Кенжеғарин "ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық саласына өз үлестерін қосып жүрген жеке кәсіпкерлердің қатары көбейіп келеді. Солардың бірі осы Зәмзәгүл Аманғалиқызы бұған дейін наубайхана ашып, ұн өнімдерінен жасалатын тағамдармен аудан халқын қамтамасыз етіп келді. Ал, бүгін азық-түлік дүкенін ашып, әйел заты болса да іскерлігін дәлелдеп отыр", – деп аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың атынан алғысын білдірді.
Қарт ұстаз Әлин Қонақбай қажы ақ батасын беріп, ашылу салтанатына жиналған жұртшылық – "әумин" деп тілектестіктерін білдіріп жатты.
"Жеке кәсіппен айналысуыма өмірдің ағымы алып келді. Кәсібіме шығармашылық жұмыс ретінде қараймын. Әр мамандықтың өзіндік қиындығы, қызығы болады. Алдағы жылдарға жоспар құрып, қай деңгейден көріне алатынымды, қанша адаммен қалай жұмыс істейтінімді, жұмысымды одан әрі қалай қанат жайдыратынымды, оның орнықтылығын, деңгейін алдын ала жоспарлай отырып, жұмысымды арттырып отырамын. Көштен қалмау керек қой. Көштен қалдым дегенше елден қалдым дей бер. Сондықтан жылдан жылға өсіп өркендеу үшін талпынып, жаңа өрлеумен жұмыс жасағым келеді. Бүгінгі күні ауданның әлеуметтік-экономикасына аз да болса үлесімді қосып, жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын", – дейді кәсіпкер Зәмзәгүл Аманғалиқызы.
Ендеше Зәмзәгүлдің жаңа бас-тамасына сәттілік тілей отырып, адал еңбектің жемісін татып, өзгелерге үлгі болсын деген ниеттеміз!
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ.
Жанкелдин ауданы.
СУРЕТТЕ: Зәмзәгүл Әуелбектің "Нұр-Ая" дүкені.