Отбасы бүтіндігі – ұлт тұтастығы
Қоғамда жұбайлардың бір-бірімен тіл табыса алмай, шаңырақтың жиі ойрандалатыны өзекті тақырыпқа айналғалы қашан. «Үйлену оңай, үй болу қиын» тәмсілін тәрк етіп, неке қиылғаннан көп ұзамай-ақ талаққа баратындардың саны жаға ұстатады. Өкініштісі, біздің облысымыз республика бойынша ажырасатындардың көшін бастап тұр – екінші орында! Әрине, бұл жағымды жаңалық емес.
Аймақ әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысында жанұя жылулығын сақтау, зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәселесі талқылауға түсті. Қазіргі таңда мемлекетіміз отбасы құндылықтарын сақтаудың түрлі жолдары бар небір бағдарламалар мен жобаларға мұрындық болуда. 2013 жылдан бері елімізде Отбасы күні аталып өтіліп келеді. Өткен жылы ақпан айында балалар құқығын қорғау жөніндегі өкілетті институт құрылып, артынша еліміздің 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат концепциясы бекітілді. 2017 жыл ТМД елдері арасында Отбасы жылы болып жарияланды. Алайда бұлардың бәрі ерлі-зайыптылардың айырылысуына, шаңырақ басындағы ұрыс-керіске әлі де аздық етіп жатқан сияқты.
– 2007 жылдан бері тіркелген некелердің саны 6561-ден 5627-ге дейін төмендеді. Керісінше, ажырасу көрсеткіші жоғары – 2605-тен 3125-ге дейін. Жыл басынан бері 9 айда 4603 некелесу, 2440 ажырасу тіркелді. Былтырғы жылы ажырасу көрсеткіші жоғары өңірлер қатарында Сарыкөл (86,6%), Меңдіқара (86%) Қостанай (77,5%) аудандары мен Лисаков қаласы (86%) болса, биылғы жылдың 9 айының жағдайы көңіл көншітер емес – Меңдіқара (91%), Алтынсарин (90%), Федоров (82,6%), Қостанай (81,6%) аудандары «көш бастап тұр. Керісінше, күнгейдегі Жанкелдин, Аманкелді аудандарында ажырасу көрсеткіші әлдеқайда төмен екен. Ал жүктілік салдарынан ерте жастан үйленетіндер саны 2008 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге азайғанын атап өтуге болады», – деді облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы Г.Мусина.
Еліміздің Әділет министрлігінің есебіне сүйенсек, республиканың теріскейіндегі Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында әрбір екінші некенің соңы ажырасуға әкеп соғады екен. Салыстырар болсақ, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарында бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен – 26-30% аралығы. Ал талаққа барудың басым бөлігі (83%) сот арқылы жүзеге асады деді маман.
Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда әрбір үшінші отбасы ойрандалуда. Бұл аздай, кәмелет жасына толмаған балалы ата-аналардың айырылысуы жиілеген. Әрбір 5-ші тірі жетімек не әкесінің, не шешесінің қолында өмір сүріп жатыр.
Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев аталған мәселеге жауапты мекемелермен қатар үкіметтік емес ұйымдарды да белсенді жұмыс атқаруға шақырды.
– Некеге отыратындар мен ажырасуға келетіндерге ҮЕҰ өкілдері арнайы кеңес беріп, шаңырақты шайқалтпай, берекесін сақтап қалудың жолдарын түсіндіріп отырса. Аймағымызда жыл басынан бері 7 айда жанұялардың 58% ажырасқаны дабыл қақтырарлық жайт. Бұл бала туу көрсеткішіне де кері әсерін тигізіп отыр – 5,5% төмендеген. Облыстық білім басқармасы отбасылық құндылықтарды дәріптейтін сабақ енгізу қажет. Әлеуметтік жарнамалардың да зор ықпалы бар. Бұл түйткілді оң шешуге БАҚ өкілдерінің де атсалысқаны аса маңызды. Теледидар, радио, интернет басылымдар, баспа беттерінде әлі де үлгі аларлық материалдардың жарық көруі жағдайдың жақсаруына үлкен себеп болмақ. Бүгін мәселенің анығына талдау жасадық. Ал алдағы қысқа мерзімде барлықтарыңыздан нақты ұсыныстар күтемін, – деді М.Жүндібаев.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ