Туған елге жанашырлық танытайық
Құрметті қазақ елі, жерлес ағайын-бауырлар! Елімізде болып жатқан көтерілістің, бейберекеттіктің тыйылуы жолында баршаңызды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілік танытуға шақырамын. Өтініп сұрайтыным, бүлік салуды көздейтін арандатушы күштердің үгітіне ермей, сырттан келген экстремистердің арбауына көнбей, туыс-туған, ұрпақ-балаларымыздың аман-саулығын ойлайық. Халықтың бейбіт шеруін арам пиғылдарына пайдаланғысы келіп, топалаң жасап, қантөгіске барып жатқан қаскүнемдерден аулақ болайық. Керісінше, олардың тез арада құрықталуына жағдай туғызайық. Ол үшін қауіп сейілгенше көшеге бейсауат топтасып шығуды тыя тұрғанымыз абзал. Тәуелсіздігімізге, бейбіт өмірімізге қатер төнген сын сағатта елге болысып, патриот перзент екенімізді танытуымыз керек. Қадірменді ағайын, біз ертеңіне үмітпен қараған ұлттың ұрпағымыз. Кемел келешек үшін күш біріктірейік. Дәл қазіргі күрделі уақытта бізге ең керегі – іргеміздің сөгілмеуі, бірлігіміздің ыдырамауы, ел-жұрттың аман-саулығы. Өздеріңізге де мәлім, лаңкестермен күрес және берекесіздіктің салдарын жою жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Бұл – елдік қарекеті, мемлекет қамы. Сондықтан бәріңізді сабыр сақтап, адамгершілік пен азаматшылық танытуға, туған елге жанашырлық көрсетуге шақырамын. Алаш жұртына Алла жар болсын!
Жұмақан Қасымханов,
Қазақ күресінен Қостанай облысының аға бапкері