Ауылдың дамуы — елдің дамуы

Мемлекеттің дамуы ауылдардың әлеуетімен тығыз байланысты. Себебі ауылды елдің жүрегі деуге болады. Сондықтан бірінші кезекте ауылдардың жағдайын жасап, ерекше көңіл бөлу қашанда өзекті. Бүгінде ауылдық жерлердегі ауыл шаруашылығын өрістетуге арналған бірнеше бағдарлама жемісті жүзеге асып келеді. Солардың бірі – «Сыбаға».
Бұл бағдарлама – кәсіпкерлердің өз ісін алға бастыруға таптырмас мүмкіндік. Біз де алғаш «Сыбаға» арқылы 24 бас аналық, 1 бас әулиекөл тұқымды аталық ІҚМ сатып алып, ағайынды төрт жігіт шаруашылықты бастадық. Нәтижесінде кәсіпкер атанып, ауылдық жердің дамуына өз үлесімізді қостық. Марқұм Жақсылық Үшкемпіровтің: «Бес мың қазақ, бес мың ауылды көтерсе, қазақты бүкіл әлем таныр еді», – деген сөзі қате емес. Себебі біздің халықта бәрі ауылдан бастау алады. Ауылды дамытып, елдің жағдайын жасау тұтас мемлекетті әлемге танытумен пара-пар. Облысымызға қарасты оңтүстік аудандар мал шаруашылығына өте жайлы болып саналады. Алғаш кәсіпкерлікті бастаған кезде мен де Аманкелді ауданының Қарасу ауылдық округіне қарасты Сәт ауылына қазық қақтық. Бұл жерде жеке кәсіппен, әсіресе, мал шаруашылығымен айналысуға тиімділік жоғары.
Ауылда шаруашылықпен айналысудың пайдасы зор. Мемлекеттің қолдауынан бөлек, тартылған қаражат есебінен де нысандар мен ауылға керекті құрылыс жұмыстарының атқарылатын кезі болады. Сондай сәттерде мен де үлесімді қосудан шет қалмай келемін. Қазақта «Ауыл қарайлас, шаруа орайлас» деген сөз бар. Әр адам «ауылдан не аламын» деп емес, «ауылға не беремін» деп өмір сүруі керек деп ойлаймын. Біздің өңір көбіне ірі қара ұстауға қолайлы. Кәсіп жасаған адамдардың басты арманы – тауарлы сүт фермасы. Біздің ауданда сүт өнімдерін өндіретін орталық жоқ. Бірақ сүт фермасын салу біз үшін әзірге мүмкін емес. Ол үшін бірінші кезекте сүтті сиырлар болуы шарт. Ал ондай сиырлар біздің жақта жоқтың қасы. Оны алып келіп өсірген күйде де біраз қиындық туындары анық. Ол үшін жақсы инвесторлар қажет. Жалпы, Батпаққара өңіріне етті малдар ұстаған өте тиімді. Өзіміздің ақ бас сиырлардың пайдасын көріп, игілікке пайдалансақ, ол да орасан олжа.
Қолымыздан келгенше ауылды өркендетіп, елге пайдамызды тигізу – үлкен парыз. Әр қазақстандықтың түп-тамыры — ауыл. Ауылдың дамуы — елдің дамуы.
 
Сағадат ДАУҒАРИН,
«Кәусар» шаруа қожалығының иесі,
Аманкелді аудандық «AMANAT» партиясының депутаты.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓