Шаңғы маусымы ашық
Қостанай облысында шаңғы маусымы «Шаңғы шеруі» дәстүрлі фестивалімен басталады. Бұл жолғы жарысқа 2000-2005, 2006-2007, 2008-2009, 2010 жылы туған жас спортшылар қатысты. Қостанай қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шаңғы базасында өткен бәсекеден өңірдің мықты шаңғышыларын біріктірді.
Спорт басқармасының мәліметінше, жыл сайын шаңғы жолында 15 мыңнан астам спортшы өнер көрсетеді. Біріншіліктің бірінші кезеңі ауылдарда өткізіліп, одан жеңімпаз атанғандар осы сайыстың екінші кезеңіне жолдама алады. Фестивальге облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Бұл бәсеке жалпы шаңғы спортына бей-жай қарамайтын спортсүйер қауымның бәріне де есігін айқара ашты. Соның нәтижесінде шаңғышылар жарысы бұқаралық сипат алып отыр. Дәстүрлі шараның ауқымы жыл сайын кеңейе түсуде. Біздің ең бірінші міндетіміз – халық арасында бұқаралық спортты насихаттау. Спортпен айналысуға жастарды көптеп тарту, жастардың санын көбейту. Қатысушылардың үлесі жыл сайын артып келеді. Жас спортшыларға шаңғы жолында сәттілік тілеймін, — деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақыт Амангелдіқызы.
Біріншілікте Әулиекөл, Ұзынкөл, Сарыкөл, Бейімбет Майлин, Қостанай аудандары мен Рудный, Лисаков және Қостанай қалаларының жас спортшылары жүлдені сарапқа салды. Жарыстың бас төрешісі Дмитрий Платонов айтқандай, 2022 жылғы 2 қаңтардан бастап Шаңғы базасы тұрақты жұмыс істей бастайды. Келушілер «Ashyq» қосымшасы арқылы ғана кіргізіледі.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков