Жерлесіміз жеңіске жетті
Теміртау қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Азия және Әлем Чемпионы Балтабек Қызметті еске алуға арналған жауынгерлік самбодан 1998-1999 жылы туған жастар арасында өткен Қазақстан Республикасының Чемпионаты өтті. Бұл жарыста Арқалықтың жас палуан Серік Есенгелді 48 келі салмақ дәрежесінде І орынды жеңіп алды.
Жас берендер Наурызбай Шілдебаев пен Жан Сәбит салған сара жолды енді ізбасарлары жалғастырып отыр. Серік Сырбайұлы Торғай топырағының тумасы. Ол Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының дене мәдениеті және спорт кафедрасының ІV курс студенті.
– Жастайымнан спортпен айналыстым. Үйдегі бес баланың үлкенімін. Үздіксіз дайындалып үлкен жетістікке жетсем деген арманым болды. Ауданда қазақ күресімен айналыстым. Менің спортқа келуіме алғашқы бапкерім Ерлан Әлиевтің зор еңбегі сіңді. Қалада жауынгерлік самбодан спортшылар дайындайтынын досымның айтуымен біліп, қызығушылық таныттым. Жеңіске жол ашқан жаттықтырушым Мылтықбай Әбдуаитовқа алғысымды білдіремін,-дейді палуан.
Жеңімпаз жас ұлан қазір алдағы қараша айында Қостанай қаласында жауынгерлік самбодан ересектер арасында өтетін Қазақстан Чемпионатына дайындықты бастап кетті.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы.