Елу адамды алдап соққан

Қостанай тәртіп сақшылары Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында ұзақ мерзімге пәтерлерді жалға беретінін айтып, көпшілікті сан соқтырған алаяқты ұстады.Қазіргі уақытта қаскөйдің арбауына түскендер саны елуден асып отыр. Полицейлер жапа шегушілер саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтады.
"Ер адам "Крыша.кз" сайтына қолжетімді бағаға пәтер жалға беретіні туралы хабарландыру жариялаған. Оған илана кеткен азаматтар арзан пәтерден айырылып қалмауды ойлап, хабарландыруда көрсетілген карта нөміріне соманың бір бөлігін жіберуге асыққан. Жапа шегушілер шамамен 5 мың мен 50 мың теңгенің аралығында алдын ала төлемдер жасаған. Мұның сыртында, ол клиенттерімен "WhatsApp" мессенджері арқылы жазбаша түрде сөйлесіпті. "Пәтер қожайыны" үнемі әртүрлі себептермен үйді көрсетуді кейінге қалдырып, алдаусыратып келген", – делінеді ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Тәртіп сақшылары күдіктінің ұялы телефонын тәркілеп, тексеру кезінде кіріс қоңырауларының соншалықты көптігіне таңданыпты. Телефон бір сәтке де дамыл таппаған. Полицейлер тұтқаны көтеріп, мән-жайды түсіндіргенде азаматтар алаяқтың құрығына түскендеріне сенер-сенбестерін білмепті. Оларға мұның алдамшы хабарландыру екенін, алаяқтық әрекет екенін, ешқандай пәтердің жоқтығын бірнеше мәрте қайталауға тура келген. 
Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысының (Қостанай облысы аумағында бірнеше жыл тұрып келген) 20 жастағы тумасына қатысты ҚР ҚК-не сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексерілуде. 
Тәртіп сақшылары алаяқтар алдауына түсіп қалмас үшін барынша сақ болуды ескертеді.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓