Интернет алаяқтары азаяр емес

Қостанайлық тәртіп сақшылары осы жылы атқарған жұмыстарын облыстық коммуникациялар қызметі алаңында қорытындылады. Ол туралы Қостанай облыстық Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Қайрат Дүйсембеков брифинг барысында ақпарат берді.
Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, қылмыс деңгейі 10 мың тұрғынға шаққанда 112-ден 101-ге дейін қысқарған. Қылмыстардың жалпы саны 11,4%-ға төмендеген. Облыста мұндай үрдіс 6 жылдан астам уақыт бойы сақталып келеді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда жақсы сипатқа ие. Демек қоғамдық орындар мен елді мекен көшелері қауіпсіз бола түсті деп айтуға негіз бар. Адам өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, бұзақылық, тонау, қарақшылық жағдайлары да азайған.
-Ең алдымен, есірткі қылмысына тоқталар болсам, биыл біз жеке сатушылардан басқа, жалпы саны 18 адамнан тұратын 2 ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтадық. Екі топ Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен есірткіні көтерме жеткізумен және өткізумен айналысып келген. Жалпы алғанда, олардың қара нарықтағы құны шамамен 600 миллион теңгені құрайды, – деді Қ.Дүйсембеков.
Оның айтуынша, әлемдік ауқымдағы тағы бір проблема – интернет-технология саласындағы қылмыс. Бұл көрсеткіш азаймай отыр. Әсіресе, алаяқтық бойынша тіркелген мәлімет көп. Қылмыстың осы түрі бүгінгі күнде айтарлықтай өскен.
-Осы қылмыс жасау кезінде қолданылатын абоненттік нөмірлерге жүргізілген талдау көрсеткендей, олардың басым бөлігі біздің өңірден тыс жасалуда: шет мемлекеттерде, республиканың басқа облыстарында. Бұл қылмысты әшкерелеуді қиындатып отыр. Соған қарамастан, жыл басынан бері 72 интернет-алаяғы анықталды. Олар 264 қылмыс жасаған, – деп атап өтті ол. Мұндай қылмыстың өрши түсуіне адамдардың танымайтын жандарға сенім артуы мен аяқ астынан мол байлыққа кенелгісі келетін алдамшы қиялға беріле кетуі себепкер. Полиция қызметкерлері бейтаныс жандармен байланысқанда сақ болу керектігін қанша ескертсе де нәтиже шығар емес.
Биылғы жылы алғаш рет Тобыл қаласында полицияның модульдік бекеті салынды. Оның ерекшелігі қажет болса бекетті жинап, жағдайға қарай кез келген аудан орталығында салуға болады. Алдағы төрт жыл ішінде осындай төрт нысан ашу жоспарда бар. Ол Рудный, Жітіқара, Лисаков және облыс орталығында пайда болады деп күтілуде. Сонымен қатар Қарасу және Меңдіқара аудандарында екі жаңа полиция пункттері ашылды. 2025 жылға дейін 6 ауылдық және облыс орталығында 5 учаске ашылады деп жоспарлануда.
«Бұл саладағы тағы бір жаңашылдық «102» мобильдік жүктемесінің пайда болуы. Аталмыш қызмет арқылы қылмыс туралы тиісті жерге хабарлама немесе фото сурет, видео жіберуге болады. Бұл полиция қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, тез арада шешім қабылдауға көмекші болады» дейді Қ.Дүйсембеков.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓