«Егемен еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында»

«Егемен еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында»
Елбасы Н.А.Назарбаев
Тағдыр. Таным.Тарих. Тұп тура 30 жыл. Аз да емес көп те емес. 1985-1990 жылдары арманымды арқалап ұстаз болмақ ниетте Қыздар педагогикалық институтына құжаттарымды тапсырып, Алланың қалауымен студент атандым. Тамаша тәлімгер, білікті ұстаздар С.Исаев, А.Аблақов, Ә.Құрысжанов Х.Қожахметова, М.Дүйсебаева сияқты мықты ғалымдардан тәлім алдым. ЖОО өте жақсы тәмамадап, сол кездегі жас, тәуелсіздікке қадам басқан еліміздің іргесін қалауды көздеген ел саясатына орай, (ҚР заңнамасына сәйкес, Солтүстік өңірлерде қазақ тілі бөлімдерінің ашылуына байланысты министрліктің арнайы жолдамасы) қазақ тілін оқыту, қазақ бөлімдерін ашу мақсатында группаласым Алия Нұрғалиева екеуміз Алматыдан Қостанайға аттандық. Қостанай туралы картадан ғана хабарымыз болғанымен «Нар тәуекел!» деп, бір-бірімізге серік болып, ұстаздық жолға ден қойған едік. Сол кешегі жігерлі жас маманның белін бекем буып, талай қырынан танылуына сеп болған, ыстығы мен суығы, шығармашылық, жеке-тұлғалық бейнесін қалыптастырған, шыңдаған киелі мекен – Қостанай жері болса, құтты шаңырақ – А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті. Сол жылдары Қостанайға қазақстанның түпкір-түпкірінен жас мамандар жиналды. Алғаш рет қазақ бөлімдері ашылды. Қазақ тіліндегі оқу құралдарының, оқулықтардың тапшылығына қарамастан жатпай-тұрмай, уақытпен санаспай, жұмыс жасадық. Ол кез сонысымен де қызық. Талай тағдырлардың куәсі де болдық. Әр сала бойынша қазақ бөлімдерін ашуға мұрындық болған әріптестерім бүгінде самайларын ақ шалған тәжірибесі мол тәлімгер, танымал ғалымдар. Тәуелсіздігін алған жас Отанымызбен тәй-тәй басқан баладай біз де ауқымды қадамдар жасай бастадық. Ең қызығы осында келген жастар бір-бірімен көңіл жарастырып, теңдерін тауып, отау құрды, жас отбасылардың санын көбейтті. Ақын болмасақ та сол кездері……
«Біз жүрміз Қостанай қаласында
Қаласы Тобылдың жағасында
Білім мен ғылымды мақсат еткен
Әр жерлік достардың арасында
Бағыт ап шамшырақ дара шыңға
Біз енді от болып жанамыз да
Тағдырға бағынып бұйрық келсе
Әрине, осында қаламыз да», – деп әндетіп тағдырдың ағымымен осы құтты мекенде тұрақтадық.
Бүгінгі таңда солтүстікте қазақ тілін дамытуға белсене араласқан әріптестерім: филология ғылымдарының докторы, профессор А.А. Әбсадық, филология ғылымдарының кандидаттары Қ.Т. Нұрмухаметова, Б.О. Мамиева, Ш.Қ. Искакова, т.б.
Тәуелсіздікпен бірге мен де өстім, өркендедім, еліміздің дамуына үлкенді-кішілі үлесімді қостым, Тілдерді дамыту орталығы директоры, кафедра меңгерушісі, ғылым кандидаты, ұстаз-тәлімгер, әдіскер-оқытушы, зерттеуші-ғалым ретінде тіл мәселесіне қатысты көптеген еңбектер жаздым, түрлі зетттеулерге қатыстым. Ұлт көсемі, біртуар кемеңгер ұстаз, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов атындағы ЖОО-да 30 жыл қызмет етіп келе жатырмын. Менің еңбек өтілім – Тәуелсіздікпен түйдей құрдас. 30 жыл бойы Ахаңдай атамыздың ізін жалғап жүргеніме мақтанамын.
Менің әдістемелік тәсілім – жаңартылған оқу бағдарламаларын жаңаша оқыту технологиялары, әдіс-тәсілдерін ЖОО-ның оқыту үрдісінде тиімді қолданудың түрлері. Мәселен: «Коммуникативтік дағдылар» (тыңдалым, айтылым жазылым, оқылым,) «Синквейн» жазу тәсілі, «Каһооd» тапсырмалары арқылы жаттығулар, «Сөз тізбегін үзіп алма» әдісі, «Т кестесі», «Шығу парағы», «Алты қалпақ», «Мен бастаймын, сен жалғастыр», «Ыстық алақан», «Бір қадам артқа», «Миға шабуыл», «Қос жазба күнделігі», «Гамбургер», «Сөйлесейік бірге, орындайық, сипаттайық», «Сәйкестендір», «Нақты сөздер әлеміне саяхат» тәсілі сондай-ақ, жұптық жұмыс «Ішіне – сыртына», топтық жұмыс «Аялдама бекеті», «Мен – саған, сен – маған», жазылымда есте сақтауды дамытатын «Жүгіру диктанты», «Түрлі-түсті диаграмма». Кері байланысқа байланысты көптеген әдіс үлгілері: «Екі тілек – бір ұсыныс» «Ойды аяқта …», Ассоцациялар, «ПОПС», «Үш көбік», «Стоп кадр» әдіс-тәсілдері, тұжырымдамалық карта құру т.б.
Оқу-әдістемелік тағылымдамада «Сөз әдебі»,«Мұғалімнің сөйлеу мәдениеті», «Тіл мәдениеті пәнінен пысықтау жаттығулары», Қостанай облысының әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының тілдерді оқытудың облыстық орталығығымен бірлесіп кешенді «Қазақ тілі (2 деңгей)», «Қазақ тіліндегі іс жүргізу құралы», «Жазу және жазба тіл тағлымы», Орыс топтары үшін қазақ тілінің тәжірибелік курсы (Электронды оқу құралы), «Қазақ тілі тарихи грамматикасы пәнінен дәріс тезистері», «Мәтін лингвистикасының дамуы» оқу құралдары, «Көркем проза тіліндегі ойталқының түрлері мен қызметі» атты монографияларым жарық көрді. Ғылымның әр түрлі саласына қалам тербеген 80-нен астам ғылыми мақалаларым бар. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшуді жүзеге асыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды.
Менің ұстаз ретінде көкейге түйгенім – шәкірттеріміздің жүрегіне жол тауып, әрекеттендіре білу шеберлігіне жетсек, шын зейінін аша алсақ, көкейіне нұр, көңіліне адамгершілік ұялата алсақ, білім-ғылымның теңдессіз пайдасын танытуға талпындыра алсақ, тәуелсіз, егемен елдің ұл-қыздары білімді де білікті болып шықпақ. «Шәкіртсіз – ұстаз тұл» демекші, шәкірттеріміз үлкен жетістіктерге жетіп жатса біздің де абыройымыз асқақтайды. Менің көптеген шәкірттерім республикамыздың түпкір-түпкірінде еңбек етуде.
Қазақта «Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» деген әдемі нақыл сөз бар. Өзім де үйренуге құштармын, әлі де білімімді жетілдіріп келемін. Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы үшін қызмет ететін білімді, білікті мамандарды дайындауға әрқашан әзірмін, мақсатым да сол – абыройлы шәкірті тәрбиелеу!
Гүлжанат ЖҮРСІНАЛИНА,
А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің «Тілдерді дайындау орталығының» меңгерушісі

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓