ЕГЕМЕНДІК – АСЫЛ ҚАЗЫНА, БАБА СЫЙЫ!
Егемендік! Еркіндік! Тәуелсіздік! Бұл кереметтей сөздерді біз қалай түсінеміз? Күлімдеген ашық аспан. Жасыл түске боялған, қарағанда жаның рахат алатын кең дала. Көз алдымда еркіндігімнің белгісі ретінде желбіреген Ту. Қорқынышсыз атқан әр ақ таң. Еш уайымсыз өтіп жатқан бақытты балалық шақ. Осының барлығын бір ғана «Тәуелсіздік» деген ұғымға сыйғыза аламыз. Міне осынау азат елдің тәуелсіз мемлекет атанғанына биыл 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында еліміз қаншама қиындықтарды бастан кешірді, өр рух пен намыстың арқасында барлық қиындықтарға төтеп бере алды, болашаққа бастар жарқын, даңғыл жолға түсе алғаны хақ. Ауыз толтырып айта алатын өзгерістерге тоқталатын болсақ: Конституцияның қабылдануы, Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы, ұлттық валютаның енгізілуі, бас қаламызда өткізілген Экспо-2017 көрмесі, елордамыздың атауының Нұр-Сұлтанға ауыстырылуы.
Қазақстан тарих сахынасынан ойып тұрып орын алып жатқаны саналы жанға мәлім. «Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп айтар едім. Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Үшінші онжылдық шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық»,-деп президентіміз Қасым Жомарт Тоқаев өз мақаласында бөлісті.
Біз – тәуелсіз елміз, Тәуелсіз елдің тәуелсіз ұрпағымыз! Рухты бабалардың тәуелсіздік жолындағы ерен еңбегін, 1986 жылғы талай ердің сағын сындырған, талай қыздың гүлін солдырған оқиғаны, сол күні алаңға шыққан барлық қазақ қыздары мен жігіттері бейнеленген, 1986 жылы, желтоқсанда болған жантүршігерлік, ауыр азапқа толы бейнетаспаларды көргенде қынжыламыз. Ел болашағы үшін жанкештілікке барған аға-апаларымыздың қадірін түсінеміз, бағалаймыз!
Ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсаған бабалар мұраты орындалды. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын. Бұл – атадан балаға берілетін аманат. Тәуелсіздігіміз баянды болсын десек, ел экономикасын еселеп, халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуымыз қажет. Қазақ елі бай, қуатты болсын десек, бесіктегі баладан, қалшылдаған қарияға дейін мелекетіміздің тәуелсіздігінің мәңгі өмір сүруі жолында аянбай еңбек етіп, тер төгуге міндеттіміз!
Жанерке Байралы, қазақ тілі және әдебиеті мамандығының 1-курс студенті,
Өтеген Исенов – тарих ғылымдарының кандидаты, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры.