Ревакциналау тәсілі өзгерді

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, осыған дейін екпенің екі компонентін алған барлық адам ревакциналаудан өтуі керек.
«Әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ұлттық иммундау жөніндегі консультативтік комиссия халықты қайта вакциналау тәсілін қайта қарады. 8 желтоқсаннан бастап вакцинацияның екі дозасын алған барлық адам, сондай-ақ коронавирус инфекциясымен ауырып шыққандар 6 айдан кейін қайта екпе алуы керек», – деді министр.
Оның мәліметінше, қарашада басталған ревакциналаудан 45-ға жуық мың адам өткен.
ҚР Бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың ревакцинация мәселелерін айқындайтын жаңа қаулысы шықты.
Жаңа қаулы бойынша Қазақстан аумағында 3 айдан артық тұрып жатқан, вакцинацияның толық курсын алған шетелдіктер де ревакцинациядан өтуі керек. Олар алғашқы вакцинаның толық компонентін алған күннен 6 ай өткенде қайта егілуі тиіс.
Сондай-ақ, бұрын коронавиурсқа қарсы вакцинацияның бастапқы курсын алған жүкті әйелдерді ревакциналау жүктіліктің 16-37 аптасы кезеңінде жүргізілетіні айтылған. Оларға «Комирнати» (Pfizer, АҚШ) вакцинасы салынады.
«Екпенің бастапқы курсын толық алған, бірақ КВИ-мен ауырып жазылған адамдарды ревакциналау сауыққанына 6 ай өткен соң жүргізіледі», – делінген Бас санитар қаулысында.
Эпидемиолог дәрігер Ақбота Қуанышбаева №46 қаулыға енгізілген басқа да өзгерістерді айтып берді.
«Енді біріншіде салдырған вакцинаны қайтара таңдауға болады. Алғашында QazVac, Vera Cell екпесін алғандарға «Спутник V» салу керек делінген, қазір олай емес. «Спутник V» бұрын вакцина алмағандарға ғана ұсынылады. «Комирнати» екпесін бала емізетін әйелдер босанғанына 42 күн өткен соң, перзентінің 2 жасына дейін салдыра алады. Сонымен бірге әуелгі қаулыда жасөспірімдерді 16 жастан бастап егуге рұқсат берілсе, жаңа құжатта «12 жастан» деп көрсетілген», – дейді Қостанай қаласындағы №3 емхананың эпидемиолог дәрігері Ақбота Қуанышбаева.
Ол ревакцинация бір-ақ компоненттен тұратынын атап өтті. Осылайша ғалымдар екпенің күші алты айға жететінін дәлелдеп отыр.
№3 емханада бүгінге дейін 32 мыңға тарта адам екпенің бірінші компонентін, 30 мыңнан артық тұрғын екінші компонентін салдырды. Ал ревакциналауға 300-ге жуық адам барған. Олардың көбі медицина және құқық қорғау органдарының мамандары.
Аслан ҚАНҒОЖИН

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓