Еркін жортшы, даланың еркесі!

Желтоқсанның 1 мен 31 аралығында Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Актөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында «Ақбөкен» кең ауқымды табиғат қорғау акциясы өтеді.  Оның бастамашылары – ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті және ҚР Ішкі істер министрлігі. Акция барысында табиғат қорғау және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы жөніндегі үйлестіру штабының құрамы, сондай-ақ бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Бұл жөнінде өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте аталған салаға жауапты тұлғалар баяндап берді.
«Ақбөкен» табиғатты қорғау акциясының мақсаты – киік популяциясын сақтау мен санын көбейту, браконьерлікпен күрес жұмысын күшейту. Акцияға Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының инспекторлық құрамы, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК, құқық қорғау органдары қызметкерлері, сондай-ақ Науырзым қорығының қорықшылары жұмылдырылған.
«Киік Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілмесе де, қазір оны аулауға толық тыйым салынып, 2023 жылға дейін мораторий жарияланған. Акция кезінде киік популяциясын сақтау, браконьерлік фактілерінің алдын алу және қорғау іс-шараларын күшейту мақсатында жергілікті халықпен жұмыс жүргізілетін болады. Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түз жануарлары мекендейтін елді мекендерде түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылады», – деді Қостанай облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Рүстем Кәркенов.
Бүгінгі күні Бетпақдала популяциясының саны 285 мыңға жеткен. Қостанай облысы бойынша кең ауқымды акцияны өткізу үшін Амангелді тірек пунктінің 10 инспекторы жоғары өтімді 4 автомобильде, КамАЗ-Кунгта 2 жүргізуші жұмылдырылыпты. «Сондай-ақ, күзет шараларын күшейту үшін жедел өзара іс-қимыл тобының 5 инспекторы, бауыры биік 2 автомашина мен КамАЗ-Кунг көлігі бар. Ит тұмсығы батпайтын жерлерде патрульдеу және заңға қайшы әрекеттердің жолын кесу үшін қысқы мезгілде қар кешкіштер мен тіркемелер тартылатын болады.
«Барлық автокөліктер рациялармен және GPS навигаторларымен жабдықталған, инспекторлық құрам атыс қаруларымен, келдектермен, сауытты кеудешелермен және кісендермен қаруланған. Қазіргі уақытта инспекторлық құрам оқу-жаттығудан өтті, оларға әкімшілік хаттамаларды толтыру үшін принтерлері бар планшеттер берілді. Ақпарат автоматты түрде әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі базасына түседі. Жақын арада әр инспектор бейне жетондармен қамтылады. Ендігі кезекте дрондар мен жаңа автокөліктерді сатып алу жоспарда тұр», – деді «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі» РМҚК орталық аймақтық филиалы директорының орынбасары Қайрат Заматов.
Жыл басынан Амангелді аудандық полиция бөлімінің күшімен 2 қылмыстық іс анықталып, 12 әкімшілік іс қозғалған. Полиция департаменті, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының қорықшылары 45 бірлескен рейд жүргізді. Облыс тұрғындары арасында және жоғарыда көрсетілген аумақтарда орналасқан ұйымдарда 58 үгіт іс-шаралары өткізіліпті.
Айта кетейік, елімізде киіктер мен Қызыл кітапқа енген жануарлар 50,8 млн гектардан астам аумақта қорғалады, оның 6,5 млн гектары Қостанай облысына тиесілі.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓