Бауыр басқан серігім
КСРО ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері
Мен ұзақ жылдар бойы өрт қауіпсіздігін сақтау саласында еңбек еттім. Әулиекөл ауданында осы саланы басқардым. Бүгіндер зейнет жасына келіп, Қостанай шаһарында тұрып жатырмын.
Жасы келген адам жаңалыққа құмар. Әлбетте бүгін ақпарат көздері баршылық. Үйіңде теледидар, радио сайрап тұр. Балалар мен немерелер интернетке үңіліп жатқаны. Ал мен үшін өзімнің қырық жыл бойы бауыр басқан «Қостанай таңым» ыстық. Баспасөзге жазылу басталған сәтте әдейі поштаға барып, үйге жаздыртып аламын.
Бүгіндер газетіміздің беделі де, бедері де жақсара түсті. Көкейтесті мәселелерге ден қойды. Әрбір аудан мен қалада газеттің күндерін табысты өткізіп жүр. Мұндай кездесулерде оқырман өзін толғандырған мәселелерді көтереді. Ал ол журналистерге ой салады, жаңадан мәселе көтеруге түрткі болады. Газет тілшілері жанашырдың ұсыныс-пікірін іліп алып, оқырманға жып-жинақы етіп ұсына қояды. Жақында Сарыкөл ауданындағы «Маяк» ауылында тұратын бір топ тұрғындардың мұң-зарын журналист Әлібек Ибраев қалай келістіріп жазды. Бұл сол «Маяктың» ғана проблемасы емес, бүгіндер жайылымы, шабындығы тарылған ауылдар толып жатыр. Міне, газет жеке бір факті төңірегінде ой қозғап, күрделі мәселені биліктің назарына салды.
Облыс әкімімен болған сұхбатты алайықшы. Біз, газет оқырмандары, одан көп мағлұмат алдық, биліктің атқарып жатқан сан қырлы істерімен таныстық. Көкейтесті мәселелер жөнінде Нұралы Мұстафаұлының пікірін білдік.
«Қостанай таңының» тарих, тіл, дін, діл туралы жарияланымдары діттеген жерінен шығады. Оны күнделікті өмір көрсетіп жүр. Алдағы уақытта да бұл басылым байыпты қалпынан таймай өз оқырмандары талғамынан шығады деп сенемін.