“Қостанай таңына” жазылуға үндеді
Облыстық "Қостанай таңы" газетінің Арқалық қаласында өткен күндерінен кейін басылымның мүддесін көздеген шаралар қатары көбеюде. Оған дәлел жақында ғана арқалықтық бір топ зиялы қауым өкілдері "Қостанай таңының" таралымын 1400-ге жеткізейік!" – деп үндеу тастаған болатын.
Ұлт ұйысқан ұлыстағы газет жанашырларының бірі –ұзақ жылдар бойы облыстық "Қостанай таңы" газетінің Арқалық қаласы бойынша меншікті тілшісі болып жемісті қызмет істеген, белгілі журналист Жақсылық Жүнісұлы.
Баспасөзге жазылу науқаны басталғанда қашанда қарап отырып көрмеген абыз ағамыз атқа қонды.
– Қадамымызды Ыбырай бабамыздың атындағы институттан бастауды жақсы ырымға баладық. Мен бүгінде 150 жылдық мерейтойы кең ауқымда аталып өткелі жатқан Торғайдағы Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 1961 жылғы түлегімін. Атамыздың атын иеленген ұжымдарыңызға да сәттіліктер тілей отырып, Сіздерді облыстағы мемлекеттік тілде шығатын жалғыз үнпарақты қолдауға шақырамын, – деді баспасөз ардагері оқытушылармен кездесуде.
Өз кезегінде институт ректоры Сейтбек Қуанышбаев "Қостанай таңы" газетінің облыстың айнасы екендігін айта келе, ұжымдағы қалыптасқан дәстүр бойынша газетке жазылуды биыл да төмендетпейтіндіктерін, қайта ұлғайта түсуді көздеп отырғандықтарын алға тартты.
Жылы жүздесуге алғысын білдір-ген қарт қаламгер ұстаздар қауымын ел арасында жазылымды насихаттай жүруге шақырды.
Мұрат
ЖҮНІСҰЛЫ
Суретте: ҚР Мәдениет қайраткері, Арқалық қаласының құрметті азаматы Ж. Жүнісұлы институт ұжымымен кездесу сәті.
Суретті түсірген автор.
Арқалық қаласы.