Білім жарысындағы бас бәйге

Қостанай қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әлижан Ибраев Президенттік олимпиадада 1-орын иеленді.15-18 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің базасында жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша XIV Президенттік олимпиада өтті.
Биыл олимпиадаға республиканың 183 үздік оқушысы қатысып, математика, физика, химия және биология пәндері бойынша білімдерін көрсетті.
Республикамыздағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары жоғары деңгейдегі білімдерін көрсетіп, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ командасы «Үздік Олимпиада командасы – 2021» деп танылды. Қатысушылар арасынан Президенттік олимпиада жеңімпаздарының бірі атанған Қостанай қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Әлижан Ибраевты ерекше атап өткіміз келеді. Жүлдемен қатар, оған еліміздің ең беделді техникалық университеттерінің бірі – Сәтбаев университетінің білім грантына сертификат табысталды.– Керемет қуаныштымын. Математика, физика, химия, биология мұғалімдерімен барлық пәндер бойынша қызу дайындалдым. Оларға ерекше алғысымды білдіргім келеді, өйткені олар менімен көп уақыт өткізіп, олимпиада тапсырмаларын жете түсіндірді. Болашақта өмірімді ғылыммен, атап айтқанда, химиямен байланыстыруды жоспарлап отырмын, – деп жеңімпазымыз Әлижан эмоциясымен, алған әсерімен бөлісті.Осы жарыста жас талантты тәрбиелегені үшін «Олимп шыңына жетелеуші» атағына лайықтлаған физика пәні мұғалімі Евгений Подгайный, математика пәні мұғалімі Юлия Злоба, химия пәні мұғалімі  Әлия Нұрышева және биология пәні мұғалімі Галина Вартанян есімді ұстаздардың да жұлдызы жарқырады. 
Президенттік олимпиаданың қорытындысы бойынша NIS оқушылары 4 алтын, 3 күміс және 7 қола медальмен марапатталды. Президенттік олимпиада «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы тарапынан 2008 жылдан бері өткізіліп келеді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓