Шығымы жақсы болғанмен, шығыны көп биылғы астықты жинап алу шаруалар үшін мұңға айналып тұр
Облыс әкімі Н.Садуақасов Федоров ауданында кеңес өткізді. Оған Меңдіқара, Ұзынкөл, Қарабалық, Федоров, Қостанай, Сарыкөл, Алтынсарин аудандарының басшылары мен ауыл шаруашылық тауар өндірушілері, астық өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының жетекшілері шақырылды. Күн тәртібіне қойылған мәселе жалғыз. Қайткен күнде қалған егінді жинап алу.
Нұралы Садуақасовтың сөзіне қарағанда, астықты аймақта 76 пайыз ғана егін орылып, бастырылған. Өңірде әлі 987 мың гектар алқапқа орақ түскен жоқ. Күн райының қолайсыздығы облыс басшыларының шұғыл дабыл қағуына себеп болып отырғанын аймақ басшысы жасырған жоқ. "Көнекөз қариялардың айтуынша, мұндай жағдай 1969 және 1989 жылдары болған екен. Тіпті бір жылдары егіннің жартысы күздің күні орылмай қалып, келесі көктемде бір-ақ жиналған. Бұған, әрине, жол беруге болмайды. Шама-шарқымызша егінді ысырап етуге жол бермеу қажет, – деді облыс әкімі.
Кеңесте облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов күзгі жиын-терімнің жағдайын баяндап берді. Ол күз айларындағы ылғалдың мөлшерден бірнеше есе көп түсуі егін орағына елеулі кедергісін келтіріп отырғанын баяндай келіп, 1 қазаннан күні бүгінге дейін бар болғаны 321 мың гектар ғана орылғанын тілге тиек етті. Бұл шамамен күніне 15 мың га-дан айналады. Солтүстік аудандарда бұл уақытта 8 мыңнан 32 мың гектарға дейін орылған. Жалпы, күні бүгін облыс бойынша барлығы 3,1 млн.гектар алқаптың егіні жиналды. Яғни 3 млн.240 мың тонна астық бастырылған. Гектар шығымдылығы орта есеппен алғанда 10,4 центнерді құрайды.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, әлі 987 мың гектар бидай мен 308 мың гектар майлы дақылдарға орақ түскен жоқ. Дегенмен, Қостанай ауданындағы К.Маркс атындағы, "Шеминовка", "Владимиров", Алтынсарин ауданындағы "Зуевка" ЖШС-лері көрсеткіштері аудандық деңгейден төмен болса да егін орағын аяқтаған.
Меңдіқара ауданында бүгінгі күнгі орташа нәтиже 30 пайызға тең. Ал, "Қарқын", "Восток-1" ЖШС-тері 40 пайыз астықты қамбаға құйып алды. Бұл көрсеткіш "Русское" серіктестігінде 66 пайыз, "Раскульде"– 56 пайызға жетеқабыл. "Мұндай мысалдарды әр ауданнан келтіруге болады. Бұл дегеніңіз, шаруашылық жетекшілері метериалдық-техникалық жарақтандыруға жеткіліксіз көңіл бөледі деген сөз. Орамды дестелегіштерді күні бұрын әзірлеуге мойынсұнбаған. Астық кептіретін агрегаттар дайын емес. Дәнді дақылдардың ерте пісетін сорттары дұрыс сұрыпталмаған. Оған ала жаздай жаңбырдың жаууы қосылды. Осының бәрі астықты толық жинап алуға өз кедергісін келтіріп отыр", – деп атап өтті Б.Жақыпов.
Кеңеске қатысқан ауыл шаруашылық тауар өндірушілері де бүгінгі қалыптасқан жағдайдан шығу жолдарына терең үңілді. "Қарқын" ЖШС директоры Сайран Бұқанов өз кезегінде шаруаларды сабырға шақырып, байбалам салуға асықпаңыздар деді. "Мұндай жағдайлар ертеректе бол-ған. Алдағы күндерде де не күтіп тұрғанын бір Алла ғана біледі. Ең бастысы, қазіргідей қысылтаяң шақта қол қусырып қарап отырмау керек. Тіпті егінді аязды күндері де оруға болады. Тек, дизельдік отынның сапасы нашар. Осыған аса көңіл бөлген жөн. Мәселен, 1 гектар алқаптың егінін жинап,бастыруға шамамен 12 литр сұйық отын жұмсалса, ылғалды астықты кептіруге 17-19 литр кетеді. Яғни, астықты кептіруге жұмсалатын шығынның мөлшері анағұрлым көп. Екінші бір айтайын дегенім, менің осы кеңеске барайын деп жат-қанымды естіген бір топ шаруа қожалығының жетекшілері өз "аманаттарын" айтты. Біз жақта (Меңдіқара ауданында – автор) жол полициясының қызметкерлері астық тиеген көліктерді жөн-жосықсыз тоқтатады. Апыр-ау, тас жолда болса бір сәрі, жол қозғалысына кедергі келтіреді дейтін, олар жәй жолмен кетіп бара жатқандарды тоқтататын көрінеді. Осыған тыйым салу керек", – деді ол. "Қарабалық тәжірбие стансасы" ЖШС директоры Қанат Ғабдуллин де егін орағына қатысты өз ойларын жеткізді. Ал ұзынкөлдік Сәбит Ағайдаров аудандағы егін қар астында қалғанын айтты: "Біз егіннің бар болғаны 37 пайызын ғана жинап үлгердік. Зығыр, арпа сияқты майлы дақылдар әлі жиналған жоқ. Келер жылғы тұқым мәселесі де ойлантпай қоймайды".
Облыс басшысы элеваторлардың басшыларын, жанар-жағар май операторларын орнынан көтеріп, олардың қал-ахуалын сұрады. "Қайткен күнде қапы қалмауымыз керек. Барлық астық қабылдайтын орындар 24 сағат жұмыс режиміне көшуі керек. Элеваторлар әзірге толық қуатымен жұмыс істеп тұрған жоқ. Су астықты кептіру үшін қаншама шығын, сұйық отын жұмсалады. Мұның бәрі есептеулі. Ол үшін сұйық отын жеткілікті. Тек істі мерзімінде бітіруге ұмытылу керек", – деді облыс басшысы. Н.Садуақасов.
Айбек
КӘДІРҰЛЫ