Қос қайраткерге тағзым (ФОТОРЕПОРТАЖ)
І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында өнерде де, өмірде де жұптары жазылмай өткен танымал актерлер Қайыпберген-Шаһарбану Есенғұловтарды еске алуға арналған "Талантқа тағзым" атты тағылымды кеш өтті.
Соңдарына сәулелі із қалдырған саңлақтар, Тобыл театрының атасы мен анасына айналған қайраткерлерге тағзым жасау кешіне зиялы қауым өкілдері, шәкірттері, өнерсүйер көрермен жиналды. Саналы өмірлерін сахна өнеріне арнаған қос тұлға туралы естеліктер айтылды.
"Шаһарбану апамыз сахнаға шыққанда ол кісі сөз айтудың қажеті болмайтын, көзімен аймалап, бипаз қимыл жасағанынан-ақ керемет білімді әртіс екені бірден сезілетін. Ағамыздың сұңғылалығы да сондай еді. Өкінішке қарай, бірінің артынан бірі дүниеден өте барды. Тағдырдың ісі. Енді өмірдегі ғұмырлары мәңгілік болары сөзсіз. Соңынан ерген шәкірттері бұл кісілерден өлшеусіз өнеге алды деген сенімдемін. Жандары жәннатта болсын. Ағамыз бен апамыздың рухына тағзым көрсетіп жатқан театр ұжымына алғыс айтамыз", – деді еңбек ардагері, Құрмет орденінің иегері Римма Ғайсенова.
Бір сахнада бірнеше жыл әріптес болған танымал актер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров та жүрекжарды лебізін білдірді. Бұдан соң жиылған жұрт сахнаның қос майталманына арналып ашылған көрмені және кішігірім кітапхананы тамашалады. Театрда біраз жылдан бері қойылып келе жатқан "Бір түп алма ағашы" қойылымы көрермендер назарына ұсынылды. Ә.Оразбековтің бұл шығармасының режиссері Қайыпберген Есенғұлов еді. Көпшілік көңілінен орын алған бұл туындыдағы ананың рөлін талай жыл Шаһарбану апамыз сомдап келген болатын. Осы кеште аталмыш спектакльді театрдың жаңа құрамы қойды. Отбасылық құндылықтарды баяндайтын драма бұл жолы да жиылған жұрттың көңілін қозғап, терең ойға батырып, ерекше әсерге бөледі. Қойылым соңында қостанайлық өнерсүйер қауым орындарынан тік тұрып ұзақ уақыт қол соқты.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев