Балықшылар сайысы

Жанкелдин ауданы, Жаркөл ауылдық округіне қарасты Тәуіш ауылында дәстүрлі түрде екінші рет ұйымдастырылып отырған «Қысқы балық аулау» турниріне 30-ға жуық балықшы қатысып, қармақтарының қапқыштықтарын сынады.
Сайыстың ережесі бойынша қатысушылар 3000 теңгеден жарна төлеп, үміткерлер тізіміне кірген. Балық аулауды кәсіп қылып, напақа тауып жүрген балықшылар тунирдің ережесіне сәйкес, қамданып, қара суға қармақ салып, жүлделі орындардан көрінуге тырысты. Торғайлық Айдарбек Қылышбайұлы алғашқылардың бірі болып, 3,7 келі шортан алған. Арада екі сағат уақыт өткеннен кейін Торғай ауылының тұрғыны, таксист Аманғали Айсаұлы жұтпасымен 5,7 келі шортанды жұлқындырып, ойықтан алып шыққанда барлық қатысушылар жүлдеден үміттерін үзді. Қысқасы, 5 сағатқа созылған турнирде «Ең үлкен балық» номинациясы бойынша бірінші орынды Аманғали Жиенқалиев жеңіп алды. «Ең көп балық аулаған» номинациясында бірінші орынды Тәуіш ауылының тұрғыны Нұрдәулет Қойшыбек иеленді. Екінші орынды Айдарбек Қылышбайұлы еншілесе, ең жас балықшы Шыңғыс Теміржанұлы үшінші орынға табан тіреді. Барлық жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен және арнайы медальдармен марапатталды.
-Балықшылар сайысына менің кішкентай ұлым Шыңғыста қатысты. Өзі талпынып, жиған терген азын – аулақ ақшасын жарнаға төлеп, байқауда бақ сынаймын деп кетті. Тоңып қаласың күн салқын, қарның ашып қалады десем де тыңдамай қармақ, жұтпасын алып көл жағасына барды. Түстен кейін анашым 3 орын алдым деп қатты қуанып келді. Қалада жүріп ауылдың қамын ойлап жүретін ауыл азаматтарына, ең кішкентай балықшы деп баламның еңбегін елеп – ескерген ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз. Еңбектеріне толағай табыс, отбастарына амандық тілеймін, – дейді Шыңғыстың анасы Динара Хамзина.
Көл жағасына арнайы тігілген күркешікте балықшыларға арналған дастархан жайылып, ыстық тамақ, балық сорпасынан жасалған дәмді тағам (уха)  және құрт көже берілді. Қанжығалары майланып, елдеріне оралған балықшалыр Тәуіш ауылының перзенттеріне алғыстарын айтты.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ.
Жанкелдин ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓