Бала балконнан құлап кетті
Оқиға күні кеше Рудный қаласында болған. Куәгерлердің айтуынша, қыз бала бес қабатты үйдің балконынан құлап кетті. Бұл ақпаратты облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева растап отыр.
"Шақырту сағат 15.19-да түсті. Бесінші қабаттан 6 жасар қыз бала құлап кеткен. Баланың бас миы шайқалған, қарны сыдырылып, арқасының төменгі жағы және жамбасы жараланған. Ол Рудный ауруханасына жеткізілді. Қазір жәбірленуші жеткіншекті облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөліміне ауыстыру мәселесі шешіліп жатыр", – делінеді хабарламада.
Өкінішке қарай, осыған ұқсас оқиғалар соңғы уақытта жиілеп кетті. Облыстық ТЖД ата-аналарға балаларына абай болуды сұрайды.