Шаруа сайлы, тұрмыс жайлы

Денисов ауданынан қарасты Приречен ауылы – шаруасының шашауы шықпай, тұрмысы түзеліп, нәсібі түгенделген шалғай елді мекендердің бірі. Ауыл әсіресе Тәуелсіздік жылдарынан бері қарай дами түсті. Келешегіне де зор сеніммен қарауға болады.
Аудан орталығынан 45 шақырым жерде жатқан селолық округке екі ауыл қарайды – Приречен және Окраин. 1128 тұрғыны бар. 21 ұлт өкілі тату тіршілік кешіп отыр. Біз сөз етпек болып отырған Приречен ауылы тың игеру дәуірінде құрылған. Ел егемендік алған шақта шағын ауылда үлген өзгерістер болды. Ең бастысы, сонау 1993 жылы ауылға газ құбыры тартылды. Шаңы ұшып жатқан көшелері асфальтталып, зерлі шарбақтармен қоршалып, абаттанып, ауыл іші адам танымастай өзгерді. Тәуелсіздікпен бірге еңсе тіктеген жергілікті кәсіпкерлер туған жерді қамқорына алды.
«Екі ауылда стадион салынып, іргесі қаланғалы жөндеу көрмеген мектеп пен мәдениет үйі және медициналық пункт күрделі жөндеуден өтті. Елді мекеннен халықтың көшуі саябырлап, түтініміз түзу ұша бастады. Бір сөзбен, ауыл көз алдымызда дамып, бүгінгідей бақуатты мекенге айналды. Оған, біріншіден, мемлекеттің қолдауы сеп болса, екіншіден, жергілікті «Приреченка» ЖШС көп демеу жасады», – дейді ауыл әкімі Владимир Борисов.
Сондай-ақ, алақандай ауылдың өз наубайханасы бар.Оның үзіліссіз жұмыс істеп тұрғанына 25 жыл болды. Әлі күнге жергілікті тұрғындарды нанмен қамтып келеді.
«Қазір наубайханада екі ауысыммен 4 наубай жұмыс істейді. Өзім бұл ұжымды 13 жыл басқарып келемін. 2021 жылға дейін ақ нанның бағасы 50 теңге болса, екінші сұрыпты ұннан істелген нан 40 теңгеден сатылған еді. Таяуда ғана 100 және 80 теңгеге көтерілді. Бәрібір, сырттан әкелінсе де бұл бағадан арзан болмас еді», – дейді наубайхана меңгерушісі Любовь Ким.
Ауыл әкімінің айтуынша, көп жыл толғантып келген ауызсу мәселесі келер жылы толығымен шешімін тапқалы отыр. Осы кезге дейін тұрғындар тасымалданатын ауыз сумен күн көріп келген.
«Республикалық бюджеттен қос ауылға ауыз су желілері тартылады. Бұл жұмыстарға 2 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ. Жобалық-сметалық құжаты дайын. Құрылыс келесі жылы басталады. Әзірге, халыққа «Приреченка» ЖШС ауыз су тасымалдап отыр. Ал ішуге жарамсыз техникалық су ауыл ішіндегі құдықтардан алынады», – деп ақпарат берді ол.
Бұл сөз етіп отырған «Приреченка» – округтегі жалғыз ЖШС. Ол егін және мал шаруашылықтарымен айналысады. Сондай-ақ, 4 шаруа қожалығы, 5 жеке кәсіпкер бар. Олардың қай-қайсысы да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қаперден шығарып көрмеген. Туған жердің кез келген мұқтажына көмек қолын созуға ұдайы дайын тұрады.
Жергілікті тұрғындардың тағы бір мақтан етері, Денисов бойынша 6 хоккей құрамасы болса, солардың ішінде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген 2 команда осы ауылдық округке тиесілі екен. Спорттың бұл түрінің жақсы дамуына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ ерекше көңіл бөлініпті. Облыс көлеміндегі кейбір елді мекенде енді пайда болып жатқан хоккей корттары бұл ауылда сонау 90-шы жылдары салынған. Жалпы, ауыл балаларын спортқа да, өнерге де бейімдеуге барлық жағдай жасалулы. Мәдениет үйінде және мектепте үйірмелердің сан түрі жұмыс істеп тұр. Дарынды талапкерлерге қаржылық қолдау көрсету де жақсы жолға қойылған. Жыл сайын ауылға кемінде 3-4 жас маман тұрақты жұмыс істеуге келеді.
«Президентіміз Қ.Тоқаев өз Жолдауы арқылы міндеттеген тапсырмаларды жергілікті жерде орындауға, ауылды дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалардың игілігін пайдалануға үнемі күш жұмылдырып отырамыз. Өзім осы елді мекенде 2000 жылдан бері әкім болып отырмын. Содан бері ауылдың жақсы жаққа қарай өзгергені көзге айқын көрінеді. Ауылды дамыту, абаттандыру жұмыстарын жалғастыра береміз», – дейді Владимир Сарапионович.
 
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓