Торғай қызы салған ән (ВИДЕО)
Facebook әлеуметтік желісінде Торғай қызының тойда ән салған видеосы тарап кетті. Латиф Хамидидің әйгілі "Бұлбұлын" шырқаған Гүлбақыт Жаңбырбаеваның ерекше өнеріне көпшілік тәнті болуда. Таралымы мен қаралымы артқан бейнежазба туралы республикалық сайттар да жарыса жаза бастады.
Дүйім елді сұлу сазымен сүйсінткен қарапайым келіншек Жангелдин ауданына қарасты Сарысу ауылының тумасы. Гүлбақыт Ерікқызының есімі өзі туған ауданға, Торғай өңіріне таңсық емес. Бала кезінен өнер сахнасында жүр. Тұрмыс құрғанға дейін Алтынсарин аудандық Мәдениет үйінде қызмет еткен.
Әлеуметтік желіде жарқ еткен видеосы әп-сәтте таралып, тұтынушылар таңданыстан түрлі пікірлер қалдыруда. Бейнежазбадан той үстінде Гүлбақыт екінің бірі айта алмайтын "Бұлбұл" әнін мінсіз, тап-таза орындап шыққанын көруге болады. Әнші келіншектің ерек даусына тәнті болған көпшілік оның үлкен сахналарға шығуына тілектестік білдіріп жатыр. Тіпті видеоны көргендер Гүлбақыттың Димаштай әлемдік деңгейдегі әнші болатынына сенімді.
"Мәдениет саласында жұмыс істейтін шығар деп үміттенемін, әйтпесе басқа жұмыста мына дауысты тұншықтыру обал", "Шіркін-ай, мына қыздың өнерін дамытар ма еді!", " Керемет дауыс, керемет орындау! Осындай алтын дауысты сахнаға шығару керек қой", – деп жазды әншінің дарынына сүйсінген ел.