Екпе салдырып, көлік ұтты!
Бүгін Қостанай қаласындағы Жастар сарайында өткен ұтыс ойынында Chevrolet Nexia маркалы автокөліктің иесі анықталды. Ол – Рудный қаласының 69 жастағы тұрғыны Валентина Брум.
Шарт бойынша, бұл акцияға Қостанай облысының емханаларына тіркеліп, 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін қабылдаған адамдар қатыстырылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараттық-аналитикалық бөлімінің жетекшісі Әнуар Едіресовтің айтуынша, су жаңа көлікке ұзын саны 73 477 адам үміткер атанған. Осынша үміткердің ішінен 45 142 нөмірлі рудныйлық зейнеткер Валентина Федоровнаның жолы болды. Ұйымдастырушылар оған қуанышты жаңалықты телефон арқылы жеткізді.
Ұтыс иесіне көлік кілті ертең табысталмақ. Әзірге темір тұлпар «Қостанай Паза» сауда орталығының алдында тұр.
«69 жастағы әйел вакцинаны саналы түрде салдырған. Автокөлік ұтысына қатысу үшін емес, өзі мен айналасының денсаулығы, қауіпсіздігі үшін ерікті қадамға барған зейнеткерге ұзақ ғұмыр тілейміз! Әйтпесе жетпіске аяқ басқан әжейге кім мәжбүрлеп екпе салдырды дейсіз», — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, облыста 1 ақпаннан бастап вакцинаның бірінші компонентімен 320 мың адам, екінші компонентімен 293 мың тұрғын егілген. Өңірде иммундаудан өтуі тиіс адамдар саны – 505 мың.
Айта кетейік, облыста 1 ақпаннан бастап вакцинаның бірінші компонентімен 320 мың адам, екінші компонентімен 293 мың тұрғын егілген. Өңірде иммундаудан өтуі тиіс адамдар саны – 505 мың.
Осы кезге дейін облыстың екпе қабылдаған тұрғындары арасында 10 айфон ойнатылған.