Жауапкершілік зор

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы халыққа Жолдауында қолжетімді әрі сапалы білім төңірегінде келелі мәселе көтерді. Жолдауда айтылған маңызды мәселе – мамандардың негіздеуінше, мем­ле­кеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында әлеуметтік ара-жікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Осыған орай, мемлекет қара­пайым мектептерге қолдау көрсетеді. Сонымен бірге бұл қадам қала мен ауыл ара­сын­дағы білім беру саласындағы алшақ­тықты қысқартуға жол ашады.
            Жолдауда келтірілгендей, кәсіпкерлердің жаңа буынын қалып­тас­­тыруға басымдық берілмек. Сол се­бепті «Кәсіпкерлік негіздері» пәні мек­­тептен бастап жоғары оқу орнына де­йін­гі барлық білім беру сатысында оқы­ты­луы керек. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың спорттық және шы­ғар­машылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық берілген жөн. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу маңызды.  «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірілсе, онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Бұл – Президент айрықша назарға алған жауапкершілік.
            Мемлекет басшысы басты назарда ұстап отырған жайт – білім алудағы денсаулық қауіпсіздігі. Бүгінгі таңда коронавирус індетінің салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшкенін баса айтты. Сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек, сондықтан санитарлық талаптар­ды сақтай отырып, білім алудың қалып­тасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн екенін жеткізді.
            А.Қоңқабаев атындағы жалпы білім беретін мектебі өткен жылы төтенше жағдай жарияланғаннан бері дәстүрлі оқыту форматын жалғастырып келеді. Мектепте карантиндік шектеулерге байланысты барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталған. Бетперде кию режимі, күнделікті оқушылар мен ұстаздардың дене қызуын тексеру, ара-қашықтықты сақтау, сабақтар арасындағы үзілістер кезінде сыныптарды желдету, кабинеттерді дезинфекциялау қатарлы шаралардың барлығы қолға алынған. Тазалық ережелерін бұлжытпай орындаудың арқасында мұғалімдер арасында да, оқушылар арасында да коронавирус індеті таралмады. Және оның өршуіне жол бермейміз.
            Президент өз сөзінде мұғалімдердің еңбекақысы алдағы уақытта да арта беретінін айтты. Бұл ұстаздар қауымы үшін зор қуанышты жаңалық болғаны рас.
            Ең бастысы, адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біз­дің күнделікті өмірлік ұстаным­дары­мыз да өзгеруі керек. Мемлекет басшысы айтқандай, ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс әрі темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек.
 
                Мейрамғали Қоңқабаев,
            «Жанкелдин ауданы білім бөлімінің А.Қоңқабаев атындағы жалпы білім беретін мектебі» ММ директоры.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓