Қарттар үйіндегі өрт
6 қазан күні таңертең Қарабалық ауданындағы қарттар мен мүгедектер интернат-үйінде өрт шықты. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті осыған қатысты түсініктеме берді.
Мамандардың айтуынша, өрт ғимаратқа жапсарлас тұрған моншадан шығыпты. Желдің екпінімен негізгі корпустың шатырын шарпыған. Қабырғасы қамыстан өрілген ғимараттың жарты бөлігі жанып кетіпті. Тілсіз жау 1000 шаршы метр аумаққа тарап кеткен. Оқиға болған жерге 9 техника мен жеке құрамнан 28 адам жұмылдырылған екен. Таңертең тұтанған отты өрт сөндірушілер түстен кейін өшіріпті.
«Өрттің себеп-салдарын анықтау әзірге мүмкін емес. Зертханада арнайы сараптама жүргізіледі. Соның қорытындысына сүйене отырып оттың тұтану себептерін алдын-ала айтуға болады», – облыстық ТЖД бастығы Біржан Кәрімов «ASTANA» телеарнасына берген сұқбатында.
Интернаттан 51 адам эвакуацияланыпты. Оның он екісі – мүмкіндігі шектеулі жан. Өрттен зардап шеккендер жоқ.
Қарабалық ауданы әкімінің хабарлауынша, 83 жыл бұрын салынған ғимарат 2012 жылы күрделі жөндеуден өткен екен. Қазір қарттар мен қамкөңіл жандар өңірдегі өзге интернат үйлеріне орналастырылған. Олар Федоров және Қарасу аудандарында орналасқан медициналық-әлеуметтік орталықтарға жіберіліпті. Ғимарат енді сүріле ме, әлде қайта қалыпқа келтіріле ме, ол мамандар сараптама қорытындысын шығағаннан кейін белгілі болмақ.