Тарих тұңғиығы

Қойнауы құпия жасырған Тобыл-Торғай топырағы таңдандырудан танар емес. Тарихы үңілген сайын тереңдеп барады. Ежелгі дәуірлерден сыр беретін ескерткіштер табылуда. Археологтар осы жылы да аз олжаға кенелген жоқ.
 Лисаков қаласы маңындағы Новоильинов қорымында соңғы он жыл бойы зерттеу жұмыстары жалғасып келе жатқанын бұған дейін де жазған едік. Ол ашылғалы бері көне заманның көптеген жәдігері табылған. Жалпы, зерттеушілер бұл нысанды трансмәдени сипатқа ие екенін айтумен келеді. Яғни осы жерден қола, темір және одан да арғы дәуірлердің ескерткіштері кездескен. Әлі қандай құпия сақтап жатқаны әзірге бір құдайға белгілі… Ғалым Эмма Усманова бастаған археологиялық топ биыл да шілде айының аптабына қарамастан үш апта бойы қазба жұмыстарымен айналысты. Олар әуелі андроновтықтардың, кейін ұрпақтары сарматтардың осы жерді қорым ретінде таңдағаны туралы болжамдарына түпкірікті көз жеткізгендерін айтады.
 – Бір таң қалдыратыны, сарматтар өз қорғандарын сала отырып, қалайша андронов қорымына тиіспеді екен? Олар қалайша осының бәрін сезініп, кеңістікті түсіне алды екен? Біз биыл шілде айында шамамен б.д.д. ІІІ-ІІ ғасырларға жататын сармат кезеңінің қорымына қазба жұмыстарын жүргіздік. Бұл қорымды ашу бізге несімен қызық болды дейсіз ғой? Біріншіден, ол жерден әйел мен 10 жастағы қыздың сүйегі табылды. Екіншіден, андроновтықтар мен сарматтард қорымдарының арасындағы айырмашылық бар. Айталық, сарматтардікі анағұрлым жабығырақ, яғни сырт көзден тасалау, – деп түсіндірді Э.Усманова.
Әйел мәйітінің қасынан тігін құралдарына ұқсас бұйымдар табылды. Ғалымдар соған қарап оны тігінші болған деп жорамалдап отыр. Айта кету керек, осыдан бес жыл бұрын нақ осы қорымнан андроновтық тігіншінің сүйегі шыққан еді. Оның тігінші екенін мәйітпен бірге табылған тігін ілмегі және соған ұқсас заттар айғақ болған еді… Ал 10 жасар қыз баланың сүйегінің маңынан саздақтан адам бейнесінде жасалған өрнек табылыпты.
 – Өрнекті бүлдірмей алу мүмкін болмады, өйткені ол бұзылуға айналған еді. Бірақ сурет пен бейнетаспаға түсіріп алдық. Сондай-ақ, біз Сырдария жағасынан осында әкелінген ыдысқа тап болдық. Ыдыстың құлағы мысық формасында жасалған, ал ыдыстың өзі екі рет жөнделгені көрінеді. Демек, оған ұқыппен қаралғанын, аса бағалы болғанын аңғару қиын емес. Мұндай жәдігерлер бізге алтыннан да қымбат, – дейді ғалым.
Зерттеушілер мұның сыртында жақсы күйде сақталған құмыра мен кальциттен жасалған моншақ олжалады. Әлде де терең қаза түссе, қорымның қойнау-қатпарынан әлі қандай бағалы жәдігерлер шығарын кім білсін? Ғалымдар оны алдағы уақыт еншісіне қалдырды. Әзірге, табылған сарматтық мәйіттерді зерттеп, олардың қашан о дүниелік болғанын, әйелдің жасы қаншада екенін, қандай аурумен ауырғанын, қайдан келгендерін, ата-бабаларының кім болғанын және тағы да басқа қосымша қызықты ақпараттарды анықтаумен айналысады. 
Облыстың басқа өңірлерінде де тамыры тұңғиыққа тартқан тарих жасырып жатқаны сөзсіз. Тек олар өз іздеушілерін күтетін сияқты. Мәселен, қарт Торғайдың археологиялық картасында әлі күнге күрек ұшы тимеген нысандар жетіп-артылады. Мұны жергілікті ғалымдар бұрыннан айтып келеді. Ақыры облыстың оңтүстік шалғайындағы далаға зерттеу жұмыстарын жүргізудің сәті түскен сыңайлы. Жергілікті мамандар тамыз айында осы өлкенің қойнауына үңілуге аттанды. Олар Білім және ғылым министрлігінің грантын ұтып алып, Торғай жеріндегі неолит дәуірін зерттеуге мүмкіндік алған-ды. Нақтырақ айтқанда, осыдан 8 мың жыл бұрынғы жаңа тас ғасырынан сыр аулап көрмек. Көне замандарға "аттанған" ғалымдардан жаңалық күтеміз.
Қадым уақыттың тағы бір ерек жәдігерлері биыл Қаратомар су қоймасының жағасындағы Береговой ескерткішінен табылған еді. Қыш ыдыс бөлшектерін зерттеген ғалымдар оны Египет пирамидаларымен жасты екенін айтып отыр.
Әрине, бұл алдыңғы ескерткіштермен салыстырғанда әлдеқайда жас саналады.
Суреттер интернеттен алынды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓