Шаңсорғышқа жасырған
Қостанай қаласы көшелерінің бірінде героин есірткі затын сақтаған 19 жасар жігіт ұсталды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қостанай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2021» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Қостанай қаласында, Рудненский көшесінде облыс орталығының 19 жасар тұрғынын ұстады.
«Ол шаңсорғыш салынған қорапты қолына ұстаған, тексеру барысында шаңсорғыш ішінен жалпы салмағы 250 граммнан асатын ұнтақ зат салынған пакет табылды. Сараптама көрсеткендей, бұл зат героин болып шықты», деп хабарлады полициядан.
Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Дүйсембай Байбосыновтың айтуынша, қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігінде «Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын сақтау» көзделген сотқа дейінгі тергеу басталды.
Күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Жыл басынан бері облыста заңсыз айналымнан 105 кг астам түрлі есірткі құралдары, оның ішінде 645 грамм героин алынды.