Қосымшаның қадағалауында
Бүгінгі таңда Қостанай облысы көлемінде 1500 адам үй карантинінде отыр. Оқшауланған осынша азаматқа ұдайы бақылау жасап отыру оңай шаруа емес. Дегенмен, бұл мәселенің шешімі де табылған сыңайлы. "SMART Qostanay" мамандары "Мен үйдегі карантиндемін" атты мобилдік қосымшаны іске қосты. 21 сәуірден бері мұны 370 адам ұялы телефонына орнатып үлгерген. Үйде оқшаулану бұйырылған өзге тұрғындарға да осы қосымшаны пайдалану насихатталуда. Мұнымен Қостанай медициналық колледжі базасында құрылған үй карантиніндегі пациенттерді қашықтан бақылауға арналған мониторингтік орталық айналысып жатыр. Қаладағы емханалардың медициналық қызметкерлерінен жасақталған 22 маман тізімдегі барлық азаматқа күн сайын қоңырау шалып, жалпы жағдайы туралы біліп отырады.
"Күн сайын 1100 адамға қоңырау соғылады. Өйткені қалған 18-ге толмаған 170-тей жеткіншектен әлдене талап етуге құқығымыз жоқ. Сондай-ақ, 50 жастан асқан 300-ден астамды да жалпы тізімнен алып тастадық. Көбінің смартфон тұтынбайтыны ескерілді. Соның өзінде, біз хабарласқан 170-тей тұрғын байланыс аясынан тыс болады. Мұндай нөмірлерді полицияға жолдаймыз. Орталыққа нөмір қате берілді ме, әлде қасақана жалтара ма – онымен тәртіп сақшылары шұғылданады", – дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әнуар Едрисов.
Бұл қосымшаның жетілдіруді қажет ететін тұстары да жоқ емес. Мәселен, мұны көшіріп алған адам автматты түрде GPS-бақылауға алынады да, егер асүйден балконға шықсаңыз, "үйден ұзамаңыз" деген ескерту келетін көрінеді. Сондықтан басқарма басшылығы қосымшаны жасаушы "SMART Qostanay" мамандарына GPS-бақылау аясын 150-200 метрге дейін кеңейтуге ұсыныс жасады.
Ал, жалпы, бұл пилоттық жоба ең әуелі Нұр-Сұлтан қаласында іске қосылған болатын.