Бастамашыл топ: бізге сеніңіз!
«Елім үшін егілемін» республикалық азаматтық штабының жұмыс тобы Қостанайға келді. Олар денсаулық сақтау, білім мекемелерінің басшыларымен және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесу өткізіп, елде жүргізіліп жатқан коронавируспен күрес нәтижелерін баяндады.
Аталған штаб тамыз айында құрылған. Covid-19 індетіне қарсы вакцинацияны барынша насихаттап, елге шынайы ақпар жеткізуді мақсат тұтқан тәуелсіз бірлестік мүшелерінің қатарында бірқатар сарапшылар мен журналистер бар. Олар: Жібек Жолдасова, Рафаил Розенсон, Рахим Ошақбаев, Ләйла Сұлтанқызы және т.б. Сондай-ақ бастамашыл топқа барлық өңірлерден 200-ден астам адам қосылып отыр.
Аталған штаб тамыз айында құрылған. Covid-19 індетіне қарсы вакцинацияны барынша насихаттап, елге шынайы ақпар жеткізуді мақсат тұтқан тәуелсіз бірлестік мүшелерінің қатарында бірқатар сарапшылар мен журналистер бар. Олар: Жібек Жолдасова, Рафаил Розенсон, Рахим Ошақбаев, Ләйла Сұлтанқызы және т.б. Сондай-ақ бастамашыл топқа барлық өңірлерден 200-ден астам адам қосылып отыр.
Штаб қоғамда түсіндіру жұмыстарын үш айға жоспарлаған: тамыз, қыркүйек, қазан. Осы уақытта аймақтарды барынша қамтымақ ниетте.
Тобыл өңіріне азаматтық штабтың бірнеше мүшесі ғана келді. «Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған Рахим Ошақбаев елдегі вакцинация деңгейінің соңғы нәтижелерін тілге тиек етті.
«6-тамызда Қазақстан коронавирустан қайтыс болғандар саны бойынша әлемде екінші орынға шығып кетті. Ондықтың ішінен жиырма күн бойы түскен жоқ. Бұнымен не айтқымыз келеді? Біз бұрынғы, қалыпты өмірге оралуды қалаймыз. Егер шын қаласақ, вакцина салдыруымыз керек. Екпе алған адам індет жұқтырса да қатты ауырмайды, оны әлемдік зерттеулер көрсетіп отыр», – деді Рахим Ошақбаев.
Оның айтуынша, қазір жаппай вакцинация жүргізуден Дания мемлекеті бірінші орында келеді. Ондағы халықтың 74%-і екпе салдырған. Біздің елде де ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін кем дегенде халықтың осынша көлемі егілуі керек.
«Вакцинацияны дұрыс жүргізудің арқасында даниялықтар 10-қыркүйек күні коронавирусты аса қауіпті аурулар тізімінен алып тастағанын жариялады. Бұл қатарда Израиль де бар. Оларда төртінші толқын басталғандықтан, вакцинация қайтара жүргізілмек. Бірақ онда өлім-жітім өте аз, өйткені екпе алғандар көп», – деді спикер.
Қазақстанда індеттің таралуы бәсеңдеді. Содан да болар, вакцина салдыру үрдісі де баяулап қалған. Штаб өкілдері осыған қынжылып, жұртшылыққа дұрыс ақпар жетпей жатқанын айтты.
«Көріп отырмыз, жұртшылық арасында, әлеуметтік желіде вакцинаға күмән тудыратындар әлі де кездеседі. Өтіріктің шегі жоқ, неше түрліні ойлап шығара береді. Бірақ біз көзіміз ашық адамбыз ғой, соның бәрін саралай білуіміз керек. Халыққа дұрыс мәлімет берілуі тиіс. Осы мақсатты ұстанып, өңірлерді аралап, түсіндіріп жүрген жайымыз бар», – дейді бірлестік мүшесі, астаналық заңгер Серік Беркемелов.
Пікір алмасу барысында әртүрлі мәліметтер, дәйектер айтылды. Штаб өкілдерінің пікірінше, үлкен адамның денсаулығын қорғаудан бас тартуы – ақылға сыймайтын әрекет.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ