Түйекеш
1991 жылдан бері Қостанай облысына 34 мыңнан астам қандас көшіп келген. Атажұртында әр салада еңбек етіп, еркін жүрген олар ел дамуына үлес қосып келеді. Сондай еңбекқор азаматтардың бірі Алмат Нұрмаханов түйе өсіріп, шұбат өндіруді қолға алған.
Қандасымыз атажұртқа 2003 жылы оралып, Рудныйдағы кәсіпорынға кенші болып жұмысқа орналасты. Кейін қала маңындағы Юбилейный ауылына көшеді. Ондағы ойы – мал өсіріп, жеке шаруашылық құру. Түйе бағудың қыр-сырын бала кезден білетін. Ата-бабасы айналысқан іс. Сөйтіп, істі бастап кетті.
«Кәсіпкерлікті жергілікті қолдау» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген пайызбен 4 млн теңге несие алып, оған Торғай жақтан (600 км) бес түйе сатып әкелді. Өзі де там-тұмдап қаражат жинап, тағы бір-екі түйе алды. Қазір түлік басы отызға жетті. Биыл сегіз інген боталаған, соларды сауып шұбатын сатады.
«Күніне 40-50 литр шұбат өндіреміз. Осы жылы Рудный қаласындағы орталық базарға киіз үй тігіп, ұлттық сусындар мен тағамдар сататын этнокафе аштық. Көпшілікті ұлттық сусын мен тағам ғана емес, көшпелі тұрмыстың көрінісі де қызықтырады екен. Кәсібіміз ақырындап жүріп жатыр», – дейді кәсіпкер.
Аслан Қанғожин