Түрткі – тіл мәселесі
Қостанайда Қазақстан халқының тілдері күні қарсаңында "Тіл – татулық тірегі" атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны облыстық Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды.Жиынды басқарма басшысы Гүлжан Мендекинова кіріспе сөзбен ашып, облыс көлемінде тілдерді дамыту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы кеңінен баяндап берді.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры Қ.Х.Жақып, филология ғылымдарының кандидаты К.Қ.Есіркепова, "Мукарама Ана" қоғамдық қорының атқарушы директоры Б.Ғ.Ертаева өздерінің рухани миссия жолындағы іс-тәжірибелерімен бөлісіп, тіл саясаты төңірегінде сөз қозғады."Қоғамдық келісім" мекемесінің басшысы Н.С.Рамазанова да қазақ тілінің қоғамды біріктіруші фактор екенін алға тартып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты жеке ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Осы кездесу аясында мемлекеттік тілді жетік меңгерген жастар да белсенділік танытып, "Тіл үйренудегі менің тәжірибем" тақырыбында қызу пікір алмасты. Әсіресе, М.Горький атындағы гимназияның мұғалімі Д.Ромащенко, Тобыл қаласындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Е.Гедзур, Рудный қаласының №5 мектеп-гимназиясының мұғалімі Г.Щепарова, облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері – К.Гартман, Р.Гусеинов, "СөйлеTime" клубының мүшелері – А.Таах, Е.Порунова қазақ тілін үйрену барысындағы қызықты сәттерін әңгімелеп берді. Барлығы да замандастарын қазақ тілін меңгеруге шақырды.
Іс-шара соңында барлық қатысушы "Тәуелсіз Отаным – Қазақстан!" тақырыбындағы викториналық сұрақтарға жарыса жауап іздеп, көтеріңкі көңіл-күймен жиныды тәмамдады.