Жарықтың сөнетіні – жалған ақпар
Қостанай облысы әкімдігінің Энергетика және ТКШ басқармасы облыстың оңтүстік өңірлерінің тұрғындарына электр жарығын беру тоқтатылатыны туралы жарияланған ақпаратты жоққа шығарды.
Кеше облыстық басқарманың "Костанайюжэлектросервис" КМК ҚР Бірыңғай электр жүйесінде қуат тапшылығына байланысты жарық өшірілетіні жайында хабарлама таратқан еді.
"Жүйелік оператордың бұйрығымен барлық өңірде электр энергиясын тұтынуға шектеу қойылады. Электр қуатынан ажыратылатындар тізіміне "КЮЭС" КМК тұтынушылары – өнеркәсіп, коммуналдық-тұрмыстық, ауыл шаруашылығы саласы және тұрғындар бар. Ықтимал сөндірілетін уақыт – сағат 17.00-ден 23.00-ге дейін. Шектеу мерзімі қанша күнге созылатынын Жүйелік оператор электр энергиясын таратушылармен келіскен жоқ. Сондықтан КМК шектеу салдарына жауап бермейді", – делінген болатын "КЮЭК" КМК хабарламасында.
Сондай-ақ, бұл хабарламада электр энергиясы ескертусіз сөндірілетіні айтылды. Осыған байланысты арнайы тізімі құрылған ұйым жетекшілеріне электр қуатын сөндіру салдарынан болатын ықтимал қиындықтарды алдын алу шараларын қабылдау ұсынылған.
Ал бүгін облыстық Энергетика және ТКШ басқармасы әлеуметтік желі тұтынушыларын елеңдетіп қойған бұл хабарламаға түзету енгізді. Басқарманың жаңа хабарламасында ҚР Бірыңғай электр жүйесінде электр энергиясының тапшылығы жоқ екені айтылды.
"ҚР Энергетика министрлігінің хатына сәйкес, "КЕGОС" АҚ жүйелік операторына халықты электр энергиясымен қамтуды тоқтатпау тапсырылған. Тіпті қуат жетіспеушілік мәселесі туындаған күннің өзінде бірінші кезекте өнеркәсіп тұтынушылары, соңғы кезекте ғана тұрғындар энергия көзінен ажыратылады. Сондықтан бұл сілтеме шындыққа сәйкес келмейді. Жоспарлы жөндеу жұмыстары туралы анық ақпарат алдын ала беріледі. Осыған байланысты, аталған шектеулердің Қостанай облысының оңтүстік өңірлеріне қатысы жоқ екенін мәлімдейміз", – деп түйінделді.