Қолдауға қашанда дайынбыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы – өткенге есеп беріп, алдағы бағытты айқындайтын аса маңызды оқиға. Ал оның Білім күнімен тұспа-тұс келуі біз үшін ерекше мәнге ие болып отыр. Осы жолғы Жолдауда да көптеген өзекті мәселе назарға алынды. Елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын әлдендіруге, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға негізделген жаңа шешімдерді естіп қуандық. "Білім саласына қатысты не айтылар екен?" деп елеңдегеніміз рас. Бұл жолы да біздің сала назардан тыс қалған жоқ. Пандемия жағдайындағы білім беру үрдісін сапалы жүргізу үшін билік тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Былтырғы Жолдауда сөз етілген педагогтердің әл-ауқаты мен беделін арттыру жолындағы жұмыстар жалғаса түседі. Жан-жақты демеу тұрмысы төмен отбасындағы балаларға да көрсетіле береді. Материалдық қолдау шаралары "Цифрлық мұғалім" білім беру жобасымен толықтырылғалы отыр. Оның сыртында, елде оқушыларға орын жетіспеу мәселесін шешу үшін 1000 мектеп салу міндетін алға қойып отыр. Сондай-ақ, ол ауылдық елді мекендердегі білім беру ісіне білікті жас мамандарды тарту, ынталандырудың маңызына тоқталды. Мұғалімдерді моральдық және материалдық жағынан көтермелеу қажет деді Президент. "Білім беру жүйесіне ынталы және білікті мұғалімдер қажет. Менің ойымша, мұғалімдерді қайта даярлау қазіргідей бес жылда емес, үш жылда бір рет жүргізілуі керек", – деген ұсынысы да құптарлық. Мұның сыртында, ғылымға да айрықша қолдау көрсетілетін болады. Бұл тұрғыда ол ТМД елдерінің көбінен артта келе жатқанымызды жасырмады. Әйткенмен, лайықты деңгейде жұмыс істелсе, бұл да жөнге келер кемшілік екені сөзсіз.
Бір сөзбен айтқанда, осы Жолдауда ел азаматтарының көкейіне үміт ұялатып, құлшынысын арттырарлықтай маңызды басымдықтар айтылды. Қолдап-қоштауға татырлық дүние көп.
Азамат Нұрбеков,
Ыбырай Алтынсарин атындағы Обаған жалпы
білім беретін мектебі директорының
ақпараттық технологиялар жөнідегі орынбасары
Кутты болсын