Борис Князев: “Аманатқа қиянат жоқ”
Конституция күні қарсањында Қамысты ауданындағы "Алтынсарин" ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князев газетіміз арқылы мына бір жүрекжарды лебізімен, өмірден көрген тәжірибесімен бөлісіп отыр.
"Біз ұлтымызға, нәсілімізге, тегімізге, діни ұстанымымызға қарап бөлініп жатқан ел емеспіз. Сол себепті, өзара түсіністік, ауызбіршілік, татулық деген қасиетті ұғымдарды сақтауды аманат еткен Конституциямызға қиянат жасауға болмайды. Несін жасырамыз, әлемнің көптеген елдерінде болып жатқан небір алауыздықтар, соның ішінде геосаяси жағдайлар алаңдатпай қоймайды. Қақтығыстардың болғанын ешкім қаламайды, дегенмен біздің өз әскеріміз мықты болуы керек. Ол үшін экономикамыздың әлеуеті жоғары болғаны қажет. Әлсіз экономика – әлсіз армия. Бұл – ақиқат. Елдің тұрмысы, мемлекеттің әлеуеті зор болу үшін ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік-логистика салаларында бәріміз бірдей жан аямай еңбек етуіміз керек. Билік жүйелі талап қойып, жұмысшы қауым нақты еңбек еткен жағдайда ғана мұратымызға жетеміз. Кейбір адамдар "нашар өмір сүріп жатырмыз, тұрмысымыз төмен" деп ұрандатып, айғайға басып жатады. Бұл нағыз жалқау, елбұзар адамның сөзі. Есіңізде болсын, еңбексүйгіш жақсы адамдар еш уақытта бұлай дабыраға баспайды. Кейде өткенге көз жіберіп отыратыным бар. Конституция мерекесі қарсаңында мына бір оқиғаны ойыма орала береді. Ертеректе маңайымыздағы Пушкин кеңшарында жұмыс істедім. Екінші қабаттан төмен түсіп келе жатсам, төмендегі касса жанында Василий Щербин есімді озық механизатор үш мың сом ақшаны қолына ұстап тұр екен. Ол кезде жеңіл көлік 5-6 мың сом тұратын. Бері бұрылып: "Бастық, мына ақшаның бәрін қайда жұмсасам екен? Озық комбайнер ретінде астыма көлік бердіңдер, екіншісін бермейсіңдер, әрине. Еңбегіме қарай тоңазытқыш, түрлі-түсті теледидар, кілем сыйладыңдар", – дейді. Рас, кеңестік заманда ақшаны табуын табасың, бірақ оны жұмсаудың шегі болған. Қазір біздің шаруашылығымызда жылына 3 миллионнан астам табыс табатын жұысшылар бар. Олар сол қаражатқа қалағанын ала алады. Бұрынғыдай бір заттың кезегіне де тұрудың керегі жоқ. Міне, сондықтан бүгінде жұмыс істеп, ақша таба біл. Бастысы, құлшынысың болсын. Қалғанының бәрі бола береді. Жерлестеріме бейбіт өмір, жақсылық, тыныштық тілеймін. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еңбек етуге шақырамын".