Бозбала судан құтқарылды
Қостанай қаласының жедел құтқару жасағының құтқарушылары кезекшілікте жүріп, суға батып бара жатқан жігітті құтқарып қалды. Бұл туралы "Сақшы" сайты жазады.
"Осы жылдың 26 тамызында Орталық жағажай ауданындағы кезекті кезекшіліктердің бірінде құтқарушылар демалушылармен әңгіме жүргізді. Құтқарушылардың айтуынша, қауіпсіздік туралы ескертпені 39 адам тыңдадған, оның 16-сы – бала. Кенеттен су ортасынан көмек сұраған айқай естілген. Құтқарушылар суға батып-шығып жатқан жігітті құтқаруға асықты. Олар моторлы кемеге мініп, құтқару шеңберін алып, көмекке жедел жетті. Бозбаланы бортқа шығарып, жағаға жеткізді. Содан кейін жасанды тыныс алу түрінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, туыстарына тапсырды. Кейін белгілі болғандай, құтқарылған жігіттің жасы небары 20-да екен", – деп атап өтті ведомстводан.
Қазір жігіттің денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Ол өз-өзіне келген кезде, ең алдымен, құтқарушыларға алғыс айтты.