Жүйеден ақау табылды

Қостанай қаласында электронды жолақыға қатысты дау шықты. Тұрғындар қоғамдық көлікте жүру құнын төлеуге арналған "Аlem pay" картасынан және басқа да төлем карталарынан өздігінен тоқтаусыз ақша алынып жатқанына шағымдануда. 
Облыс орталығындағы маршруттық автобустарға орнатылған валидаторлардан жылға жетпей ақау табылып жатыр. Қала тұрғындарының айтуынша, электронды құрылғы бірнеше төлемді бірден ұстап қалады екен.
"Қоғамдық көліктен түсер кезде әдеттегідей "Аlem pay" картасын құрылғыға жақындатып едім, жүргізуші төлемнің қабылданбағанын айтты. Сондықтан жол ақысын қолма-қол төледім. Кейін ұялы телефоныма компаниядан үздіксіз хабарламалар келе бастады. Картамнан бір сәтте қатарынан 25 төлем ұсталыпты, – дейді қала тұрғыны Дархан. – Басқа кісілердің де менікіндей жағдайға тап болғанын көрдім. Кейбіреуінің жеке шотынан ақша әлі шегеріліп жатқан көрінеді". Шағымданушылар "Аlem pay"-дан ғана емес, басқа да төлем карталарынан түрлі сомадағы ақша ат-жөнсіз алынып жатқанын айтып жатыр. Зардап шеккен тұрғындардың бір сыпырасы бүгін компанияның "Бизнес-орталық" ғимаратында орналасқан кеңсесінің алдына жиналған. Сондай-ақ, оларға "ікөмек" кеңсесі де кешелі бері қызмет көрсетіп жатыр. Атап айтқанда, тұрғындар арыз жазып қалдыруда. Оларға шығын ақшаларын 1 апта көлемінде қайтаруға уәде беріліпті. Ал қалалық ТКШ бөлімі "электронды жүйеден ақау шықты" дегеннен артық пікір білдірген жоқ. "Аlem pay" ЖШС өкілдері әзірге шағымданушыларға қызмет көрсетуден босай алмай жатқандарын айтады. Жергілікті БАҚ өкілдері осы мәселеге арнайы брифинг өткізуді сұрап отыр.
Айта кетейік, Қостанайда электронды жолақы құны – 80 теңге., ал қолма-қол төлем жасау сомасы – 150 теңге. Валидатор құрылғысы қоғамдық көліктерде осы жылдан бастап жұмыс істей бастаған еді. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓