Жастар резервіне кімдер ілігеді?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Агенттікке Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуді ұйымдастыру тапсырылған болатын. Оның басты мақсаты – мүдделерді басшылыққа алатын жас таланттарды анықтау. Бұл бастама 2019 жылы бастау алды. Сол жылы резервке 300 адам алынды. Оның 58 пайызы шет елден білім алып келген, ал 42 пайызы елімізде оқыған. Іріктеуден өткендердің орташа жасы 31 жаста. Бүгінгі күні осы 300 жастың 184 жұмысқа орналасқан. Осы резервте тұрғандардың ішінде төртеуі қостанайлық. Енді 1 қыркүйектен бастап құжаттар қабылдана бастайды. Бұл туралы арнайы брифингте мамандар мәлімдеп, іріктеу кезеңдері туралы айтып, түрлі сұрақтарға жауап берді.
– Осы бастама биыл да жалғасын табатын болады. Іріктеудің өткізілу жоспары құрылды. Жоспарға сай 1 қыркүйекте кадр резервіне іріктеу басталады. Қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет саласына 50 адам таңдалынып алынады. Басты талап жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі бар және жұмыс өтілі бес жылдан кем емес ел азаматы болуы керек. Алдыңғы іріктеуден айырмашылығы, рекрутинг процесі білімді, дағдыларды анықтауға ғана емес, сондай-ақ кандидаттардың шынайы уәждері мен олардың құндылық бағдарларын бағалауға бағытталған. Біз бірінші кезекте қоғамдық мүддені басшылыққа алатын жас таланттарды анықтауға баса назар аударамыз. Осыған байланысты іріктеу кезеңдеріне ситуациялық есептерді шешу, құзіреттілік сұхбат сияқты бағалаудың жаңа құралдары енгізіледі. Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған адамдар, мемлекеттік саяси қызметшілер, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер, «А» корпустары және президенттік жастар кадр резервіндегі адамдар іріктеуге қатысуға жіберілмейді. Президенттік резервтен әртүрлі мемлекеттік лауазымдарға, әкімшілік лауазымдарға, «А» корпусына және «Б» корпусының басшы лауазымдарына тағайындау қарастырылған. Резервте болу мерзімі 3 жылды құрайды, - деп атап өтті ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы А. Ескендіров.
Соңғы шешімді ұлттық комиссия қабылдайды. Президенттік кадр резервіне іріктеу қағидалары мен тәртібі президенттің жарлығымен егжей-тегжейлі регламенттелген. Іріктеу бірнеше этаптардан тұрады. Құжаттар 1-30 қыркүйек аралығында қабылданады.